Pinduoudo, Temu дүкендерінен көп тауар алатындар салық төлеп, декларация тапсырады

Pinduoudo, Temu сынды шетелдік интернет дүкендерден көп тауар алатын қазақстандықтар енді баж салығын төлейді. Сенат тиісті заңды мақұлдады.
«2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңға сәйкес «Электрондық сауда операторы» ұғымы енгізіліп, электрондық сауда тауарларына арналған жаңа кедендік декларация түрі пайда болады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдік интернет-дүкендерден жеке тұлғаларға келетін тауарлар жеке пайдалану тауарлары болып саналып, олардан кедендік баж салығы алынбайды.
Енді белгілі бір межеден асатын болса, мұндай тауарлардан 15% көлемінде кедендік баж салығы салынады.
«Тауар көлемі бажсыз әкелу нормасынан (200 еуро немесе 31 кг) асқан жағдайда ғана декларацияланады. Бұл кезде жеке тұлғалар өз бетінше құжат тапсырып, тауар құнының 15%-ы мөлшерінде жиынтық кедендік төлем төлейді, яғни норма шегінде әкелінген тауарлар декларацияланбайды және ресми статистикаға енгізілмейді», – дейді Бекбол Орынбасаров.
Еске сала кетсек, Мәжілісте бұл мәселе маусым айында талқыланған болатын. Онда халықаралық пошта арқылы шетелдік интернет-платформалардан жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарлардың бөлек санатқа жатқызылып, электрондық сауда тауарлары ретінде айқындалатыны айтылған. Ол кезде Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин заң күшіне енсе, тауар құны да қымбаттайтынын айтқан болатын. Министр болжамынша ерікті нормадан асқан тауар құны шамамен 17%-ға көтеріледі.
Бұған қоса, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шетелдік маркетплейстерді Қазақстанда ресми тіркеу міндеттелетінін айтты.