Қазақстанның су саласын цифрландыруға кореялық корпорация көмектеседі

Қазақстан Оңтүстік Кореяның K-Water корпорациясымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Компания Қазақстанның су шаруашылығын цифрландыруды көздеп отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазсушар» РМК Оңтүстік Кореяның K-Water корпорациясымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжатқа «Қазсушар» РМК бас директоры Әнуар Өскенбаев және K-Water вице-президенті Сонг Ен Хан қол қойды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Меморандумда мына мәселелер қамтылған:
- су шаруашылығы нысандарын тиімді басқару мен мониторинг жүргізу;
- жасанды интеллект арқылы су тасқыны мен қуаңшылық тәуекелдерін болжау және басқару;
- су ресурстарын есепке алу мен мониторингті цифрландыру;
- гидротехникалық құрылысжайлар мен суару каналдарын басқаруда геоақпараттық жүйелер мен картографиялық шешімдер қолдану;
- бірлескен ғылыми және технологиялық зерттеулер жүргізіп, білікті мамандар даярлау.
ЖИ арқылы басқару
Атап айтқанда Қазақстан K-Water корпорациясының ақпараттық жүйесін пайдалануды көздеп отыр. Тараптар сонымен бірге Қазақстанда «Цифрлық егіз» технологиясын қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл технология нақты нысанның немесе жүйенің виртуалды үлгісін құрып, сенсорлардан, жасанды интеллекттен және симуляциялардан алынған деректер негізінде оны нақты уақыт режимінде бақылауға, талдауға және басқаруға мүмкіндік бермек.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында су шаруашылығы нысандарын автоматтандыру және жаңғырту міндетін қойып, су саласында жасанды интеллектті енгізудің маңызын атап өтті. K-Water компаниясымен ынтымақтастық еліміздегі су шаруашылығын цифрландыру қарқынын жеделдетуге, озық халықаралық тәжірибені игеруге және республикада су ресурстарын тиімді пайдалану мен басқаруды арттыруға жол ашады», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
Айта кетсек осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі 2026 жылы Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйе іске қосылатынын хабарлаған болатын.