
Павлодарда психикалық науқас болып көрінбек болған педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот оның қорғаушысының және өзінің келтірген дәлелдерін негізсіз деп таныды.
Tengrinews.kz ақпаратына қарағанда, ол 35 жастағы ер адам 12 жасар қызға зорлық көрсеткен.
Оған екі бап бойынша айып тағылды. Атап айтқанда, «Кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер» және «Жасөспірімге күш қолданбай арсыз әрекеттер жасау».
Қылмыстық іс үш эпизодты қамтыды. Жабық режимде қаралды. Үкім шығарылғаннан кейін, істі қараған судья кейбір мән-жайларды жария етті.
Бес жыл бұрын сотталушы бір әйелмен және оның 12 және 6 жастағы екі қызымен бірге тұрған.
«Биыл 25 сәуірде мен 10 мамырда К. азаматшаның кәмелетке толмаған қызына бірнеше рет жыныстық сипаттағы өзге әрекеттер жасаған. Үшінші эпизод та таңғы жетілер шамасында болған. К. қыздың жасына толмағанын біле тұра, арсыз әрекеттер жасаған», – деді Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев.
Судьяның айтуынша, айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындаған. Алайда тергеу кезінде ол өзін психикалық науқас етіп көрсетуге тырысқан. Есепте тұрғанын алға тартқан. Бұл уәждерді сотта қорғаушы тарап та келтірген. Бірақ сот оларды негізсіз деп таныды.
Сот үкімімен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол жәбірленуші қызға моральдық зиянның өтемақысы ретінде 7 млн теңге төлеуге міндеттелді. Жазасын ерекше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сондай-ақ, Павлодарда прокуратура қызметкерінің алаяқтыққа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.