Темірлан Анарбеков ауруханадан шықты

«Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков ауруханадан шықты. Бұл жөнінде тренер Рафаэль Уразбахтин хабарлады.
Мұны ол УЕФА чемпиондар лигасы аясында өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчына арналған баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.
«Дәрігерлердің айтуынша, қазір сүйекті бекіту маңызды. Бұл дұрыс тістеуге мүмкіндік береді. Оны алып тастаған соң, ол жаттығуға кірісе алады. Алайда, бұл – қақпаға тұрып, ойнап кетеді деген сөз емес. Біраз уақыт керек», – деді Рафаэль Уразбахтин.
Тренердің сөзіне қарағанда, Темірлан Анарбеков әзірге арнайы тіссауыт киіп, жаттығуы мүмкін. Оған салынған титандар соққыға әлдеқайда күшті төтеп береді. Сондықтан дәрігерлер оған жаттығу жасауға рұқсат беріп отыр.
«Темірлан Анарбеков бәрімен тең жұмыс істей алады. «Реал Мадридпен» болатын матчқа қатыса алмайтыны, әрине, көңіліне қаяу түсірді. Мұндай деңгейде – бүкіл өміріңнің матчында өнер көрсетуге мүмкіндігің бола тұра, осындай жағдай болып қалды. Ол мұны жақсы түсініп отыр. Енді қолдан не келеді?» – деп өкінішін білдірді Рафаэль Уразбахтин.
Мұның алдында «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековке ота жасалғаны туралы жазған едік.