Ресей шекарасында қазақстандық көліктен дрон тапты деген ақпар жалған

Ресей шекарасында Самара кеденшілері Қазақстаннан келген көліктен дрондар табылды деген ақпарат ескі және шындыққа жанаспайды. Мемлекеттік кірістер комитеті осындай мәлімдеме жасады.
«Бірқатар ресейлік БАҚ-та ресейлік кеден органдарының Қазақстан Республикасынан әкелу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) ұстағаны туралы ақпарат жарияланды. Іс жүзінде аталған ҰҰА 2025 жылғы 13 маусымда «Жайсан» автомобиль өткізу пунктінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері тарапынан Ресей Федерациясынан қажетті құжаттарсыз әкелуге әрекет жасау кезінде ұсталған болатын», – деп жазылған хабарламада.
Қазақстандық көліктен дрондар табылғаны туралы «ФТС России» телеграм арнасы жариялады. Кеденшілер дерегінше, Башқұртстанға бет алған «Газель» көлігін тексеру кезінде бөлшектелген күйде 34 БПЛА және бір квадрокоптерді (DJI Mavic) қашықтан басқару пультімен бірге табылған. Бірақ көлік иесі дрондардың өзіне тиесілі екенін және оларды жеке бейнежазбаға қолданатынын айтқан.