
2027 жылы Google Қазақстанда мәлімет сақтау платформасының жергілікті желісін ашуды көздеп отыр. Ол Астанадағы Akashi дата-орталығы аумағында ашылады. Akashi — Орталық Азиядағы Tier IV деңгейіндегі ірі ақпарат өңдеу орталығы.
Дата-орталықтың Kursiv.Media-ға хабарлауынша, Google Cloud Қазақстанға келген соң, елдегі сервистер жылдам әрі тұрақты жұмыс істейді. Өйткені желіге қосылу жергілікті жерде іске асады. Соған байланысты шетелдегі арналар арқылы кедергі туындамайды. Бизнес жаңа технологиялар енгізуге ыңғайлы жаңа тетікке ие болады. Қазақстанның аймақтағы цифрлы хаб мәртебесі артады.
Елдегі ірі компаниялар Google Cloud қызметін корпоративті мақсаттарды шешу үшін қолдана алады. Басты себеп — жеке мәліметтерді сақтау тәртібі туралы заң. Заңнама бойынша, азаматтардың мәліметтері Қазақстанда сақталуы қажет.
Akashi жобасының жетекшісі Владислав Минкевичтің айтуынша, Google-дың елге келуі Қазақстанды цифрлы желілер түйісіндегі елге айналдырады.
«Akashi аймақты әлемдік телеком, IT және cloud сервистерінің экожүйесіне қосуға мүмкіндік алады», — дейді ол.
24 қыркүйекте Қазақстанның алғаш рет China Mobile International (CMI) ғаламдық картасына енгені мәлім болды. Ал Akashi Data Center Орталық Азияда цифрлы инфрақұрылымды дамытуға арналған стратегиялық алаңға айналды. CMI өкілдерінің айтуынша, компания Akashi орталығы Tier IV (100 МВт) деңгейіндегі әлеуетті операторлар мен мемлекеттік құрылымдарға қызмет көрсетуде басты алаңға айналдырғысы келеді.
Google Cloud — компанияның мәліметті сақтау платформасы. Ол ақпарат сақтап қана қоймай, есептеу, сараптау, оқыту және инфрақұрылымды басқару қызметтерін де ұсынады. Соның арқасында бизнес пен бағдарлама дайындаушыларға түрлі қосымшаларды дайындап, сынақтап өткізе алады. Платформа Google-дың басқа да қызметтеріне қосылған. Соған байланысты уақыт пен ақша үнемдеуге болады.
Akashi Data Center — Еуразия экономикалық одағы мен ТМД-дағы TIER IV деңгейіндегі алғашқы ірі дата-орталық. Жобаны Астанадағы AKASHI жүзеге асырады. Ол 11 га жерді алып жатыр. Орталық өңірде цифрлы хаб құруға, мәліметтерді сақтауға, киберқауіпсіздікті күшейтуге ықпал етеді.