
Қырғызстан парламенті – Жоғорку Кеңеш (ЖК) таратылды. Заң шығарушы органның VII шақырылымындағы депутаттар 25 қыркүйекте осындай шешім қабылдады. Бұл туралы Kursiv.Media көрші ел парламенті таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.
Жоғорку Кеңеш депутаттары бейсенбі күні парламентті тарату жөніндегі мәселені қарады. 84 депутат заң шығарушы органды тарату ұсынысын қолдады.
Депутат Ұлан Примовтің айтуынша, мұндай шешім бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында қабылданды. Өйткені жергілікті заңнама бойынша, парламент сайлауы 2026 жылғы қарашада, ал президент сайлауы содан бір жарым айдан кейін өтуі керек. Мұндай жағдайда көп шығын кетіп, Орталық сайлау комиссиясының жұмысын қиындатады.
Мәліметтерге қарағанда, қырғыз депутаттары жаңа сайлау жарияланған сәтке дейін жұмыс істейді.