Жаңалықтар

Қазақстан президенті Путин мен Зеленский кездесетін орын ұсынуға дайын

Владимир Зеленский мен Қасым-Жомарт Тоқаев / фото: Ақорда
Владимир Зеленский мен Қасым-Жомарт Тоқаев / фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина басшылары Владимир Путин мен Владимир Зеленскийге келіссөз жүргізетін орын беруге дайын. Мемлекет басшысы Tengrinews тілшісінің сауалына осылай деп жауап берді.

«Біз Украина мен Ресей арасында жоғары деңгейдегі келіссөздердің басталғанын қалаймыз. Бірақ өзара түсіністікке жету үшін алдын ала жұмыс жүргізу қажет. Арағайындық қызметін атқармаса да, Қазақстан қажет болған жағдайда көмек қолын созуға – түрлі деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер өтетін орын беруге әзір», – деп мәлімдеді Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, осының алдында Зеленский америкалық Fox News телеарнасына берген сұхбатында Путинге Қазақстанда кездесуді ұсынғанын айтқан. Алайда Кремль украин басшысын Мәскеуге шақырып отыр. Зеленский мұндай ұсыныстан бас тартқан.

Тамыздың ортасында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Путин Аляскада кездескен. Содан кейін Ақ үй Ресей мен Украина президенттерінің бетпе-бет келіссөзіне дайындық басталып кетті деп жариялаған.

Екі күн бұрын Тоқаев пен Зеленский БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы алаңында кездескен.