
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин «Қайрат – Реал» матчы билеттерінің қымбат болуына қатысты өз пікірін білдірді. Ол мұны нарық талабы деп түсіндірді. Айтуынша, футбол жанкүйерлері бағасына аса мән беріп жатқан жоқ, билетті бәрібір сатып алады.
«Бұл – нарық. Жанкүйерлер бар, олар бағаға қарамай билет алады. Олар үшін футбол маңызды. Сондықтан, меніңше, егер адамның мүмкіндігі болса, ол сатып алады», – деді Амрин Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте.
Журналистер стадион жағдайының жиі сынға ұшырауын мысалға келтіріп, осы тұрғыда билет бағасы қаншалықты әділ екенін де сұрады. Вице-министр болса, бұл пікірмен келіспейді.
«Мен де ақпараттарды оқып отырамын, біздің барлық стадион халықаралық стандарттарға сай келеді. Сондықтан сіз айтып отырған мәселеге нақты жауапты стадион иесінен сұраған дұрыс шығар. Бірақ әлеуметтік желілерде, телеграм-арналарда, БАҚ-та жазылып жатқан мәліметтерге қарамастан, стадиондарымыз талапқа сай. Егер сай болмаса, бұл матч та өтпес еді», – деді Амрин.
«Қайрат – Реал» матчында кім жеңетініне болжам
«Нәтижесін күтейік. Білесіз бе, әрқашан бір ғажайып болуы мүмкін», – деп жауап берді.
23 қыркүйек күні «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы көптен күткен ойынның билеттері ресми сатылымға шыққан болатын. Билет бағалары 75 мың теңгеден басталып 300 мың теңгеге дейін жетеді. Алайда сатылымға дейін-ақ Ticketon.kz сайтында 9 мыңнан астам адам кезекте тұрды.