«Адамдарға шабуылдап жатыр»: елімізде қасқыр, аю, қабан көбейіп кетті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сенатор Қайрат Тастекеев жабайы жануарлар санының артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Олардың халыққа төндіретін қаупі де артып бара жатқанын айтты.

Депутат жыртқыш аңдардың ауыл маңына жиі келетен жағдайлар көбейгенін айтады. Мәселен, Абай облысындағы кейбір елдімекендерде адамдарға, малға және шаруашылықтарға шабуыл жасау фактілері орын ала бастаған.

Қасқыр, аю және қабан көбейді

Сенатор Экология министрлігінің дерегін келтірді, онда Қазақстанда шамамен 15 мың қасқыр бар екені айтылады. Олардың санын реттеу қиын, бұл ауыл тұрғындарын алаңдатуда.

Сонымен қатар, Тастекеевтің айтуынша, жабайы қабандардың да саны артып келеді. 2020 жылы олардың саны шамамен 40 мың болса, 2024 жылы – 50 мыңға жеткен. Қабандар егістіктерді таптап, орман алқаптарын бүлдіріп, су көздерін ластайды.

Сенатор ұсынысы

Сенатор Тастекеев қазіргі қолданылып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін айтты. Ол жануарлар санын реттеу бойынша лимиттердің орындалуын бақылауды күшейтуді, мониторинг бағдарламаларын цифрландыруды ұсынды. Сонымен қатар адамдарға, малға және шаруашылықтарға жабайы жануарлардың шабуылы туралы мәліметтер базасын құруды ұсынып отыр. Бұл деректер квота белгілеу кезінде ескерілуі керек дейді ол.

«Жабайы жануарлар санын реттеу – биологиялық, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық факторларды ескеруді қажет ететін күрделі мәселе. Бірақ бұл саладағы шаралар жүйелі әрі тиімді болуы тиіс, ең бастысы – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді сенатор.

Сондай-ақ, сенатор БҰҰ мен Қазақстан үкіметінің қолдауымен 2004 жылдан бері биоалуантүрлілікті сақтау бойынша ауқымды бастамалар жүзеге асып келе жатқанын еске салды. Елімізде 14 ұлттық парк пен 10 қорық құрылып, сирек кездесетін жануарлар саны артып, оларды қорғау жүйесі нығайған.

Сондай-ақ оқыңыз