
Түркістан облысында қорадағы малы аштан көтерем болып, өле бастағанын айтқан шаруалар дабыл қаға бастады. Олардың сөзінше, биыл жауын-шашын аз болып, шөп өспеген. Шыққан шөптің өзі күйіп кеткен. Күз енді түссе де, мал жайылатын жер жоқ. Одан қалса мал азығының бағасы бірден қымбаттап кеткен. Бұл мал асырап, күнкөріп отырғандарға қиын болып тұр. Шаруалар жағдай бақылауға алынбаса мал қырылып, жұт келуі мүмкін екенін айтады.
«1 жылқы, 6 сиыр, 10 қойым өлді»
Шаруалардың сөзінше, биыл Созақ ауданында жауын-шашын өте аз болған. Шыққан шөптің өзі жаз шықпай қурап қалған. Қазір жайылымның барлығы қара топыраққа айналып, мал өрістейтін жер қалмаған. Соның кесірінен қазір мал көтерем болып, әлсіреп өле бастаған.

Абай ауылының тұрғыны Мұхамеджан Рыскелдиевтің қорасында 200-дей уақ малы, 20-дан аса сиыры, ондаған жылқысы бар. Жаздай жайылым болмай малын қорада ұстауға мәжбүр болған. Ал жылқылары өрісте жүріп, көтерем бола бастаған.
«Мына құлынды биені таудағы өрістен алып келдім. Қорада тұрғанына екі ай болды. Құлынын да жарытпай тұр. Себебі жем-шөп жоқ. Арық. Сүт жоқ. Жанында тағы бір бие бар еді. Көтерем болып өліп қалды. Қуаңшылық қой, жерде түк жоқ. Жұт, таза жұт қой», – дейді ол ашынып.
Мал бағып, күнкөріп жүрген ауыл тұрғындарының қорадағы малы күн санап азайып барады. Қазірдің өзінде өрісте жүрген жылқылар әлсіреп, тұра алмай ит-құсқа жем бола бастаған. Күз түскелі Рыскелдиевтің жылқыдан бөлек 6 сиыры, 10 қойы ашығып өлген.
«Жаздай мыңнан аса бума шөп жинадым. Малдың бәрі қазірден қорада тұр. Жинаған шөбім дымға жетпейін деп тұр. Жаңбыр жоқ, қар да жаумады. Қазір ауыз судың өзін әрең тауып отырмыз. 70 жасқа келгенше мұндайды көрген емеспін», – дейді қария.
Өрісте жылқылар көтерем болып, құлап жатыр
Тұрғындардың сөзінше, қуаңшылықтың зардабы әлден басталып жатыр. Бұлай далада көтерем болып, орнынан тұра алмай өліп жатқан жылқы көп. Ал оны алып кетіп, қораға ұстауға әркімнің шамасы жете бермейді. Абай ауылының өзінде шамамен 600-ге жуық жылқы болса, оның 80 пайызы көтерем болуға жақын. Қазірдің өзінде әр отбасы кемі бір жылқысынан, кейбірі ондаған малынан айырылған. Жағдай бұлай жалғаса берсе қорада мал қалмайды дейді жұрт.

«Биыл от жоқ. От жоқтығынан қазірден далада жылқы көтерем болып, құлап жатыр. Әлі салқын түскен жоқ. Салқын түскенде қанша жылқы кететінін білмей тұрмыз. Көбісі осындай қоң жоқ, арық бәрі. Ертеңгі күні күн ыз еткенде жаппай құлай бастайды. Биылғы жыл өте қиын боп тұр. Біздің уайымымыз – осы. Қуаңшылықтың зардабын көреміз бе деп отырмыз», – дейді Абай ауылының тұрғыны Пернебек Байділлев.
«Жем-шөп 2-3 есеге қымбаттады»
Шаруалар күз түскелі жем-шөптің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2-3 есе қымбаттап кеткенін айтады. Мысалы, былтыр келісі 70-80 теңге болған бидайдың келісі қазір 150 теңгеден сатылып жатыр. Ал әр бума шөп мың жарым теңгеге жеткен.
Тұрғындар мемлекет көмектесіп, алдын алмаса, соңы қиын бола ма деп уайымдайды.
«Бір мал күніне 5 мың теңгеге жем-шөп жеп жатыр. Күніне өзім 5 мың теңгеге тамақ ішпеймін. Қазір малмен бірге халық та қиналып, қатты жүдеп кетті. Біз жер астындағы уранмен емес, осы ауыл шаруашылығымен күн көріп отырмыз. Мал жаппай қырылмай тұрғанда қолғабыс болсын», – дейді Асылхан Шоңғараев.
Шаруалардың уайымымен аудан әкімдігі таныс. Аудан әкімінің орынбасары Серік Мамановтың айтуынша, әкімдік арнайы жұмыс тобын құрған. Әкімдік шаруалармен Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысының әкімшілігімен келіссөз жүргізіп, сол жақтың шөбі мен бидайын арзандатылған бағада жеткізіп беруге келіскен. Өйткені солтүстік аймақта қазір егін ору науқаны басталған, жем-шөптің бағасы әлі қойылмаған.
«Бізде Созақ ауданында сатылымда шөпте бар, бидай да бар, кебекте бар. Бірақ қымбат. Сол қымбатшылыққа байланысты шаруалар егін басындағы бағамен жеткізуді сұрап жатыр. Онда баға бізден төмен болатынын біліп тұрмыз. Жобамен бізде 150-135 болса, ол жақта 70-80 болуы мүмкін», – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Ресми мәлімет бойынша, Созақ ауданында 1300-ге жуық шаруа қожалығы бар. Бірі ірі қарамен, енді бірі уақ мал асырайды.