Қонаев өзін кетірген кезде неліктен орнына қазақ кандидат ұсынбаған (видео)

Жарияланды
Қонаевты өзін кетірген кезде неліктен орнына қазақ кандидат ұсынбаған (видео)
Қонаев өзін кетірген кезде неліктен орнына қазақ кандидат ұсынбаған / фото: Мустафин / sputnik.kz

Ara Media YouTube арнасында документалист-журналист Асылхан Мамашұлының «Қилы кезең» атты авторлық жобасының екінші бөлімі шықты. «Қонаевты кетіру, ескі билікті айыптау» деген бөлімде аты айтып тұрғандай Дінмұхаммед Қонаевты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен кетіру, Желтоқсан оқиғасы мен одан кейінгі жағдайлар баяндалған.

Журналист келтірген фактілерден Қонаевты қызметінен алу халық үшін бір күнде болған жайт көрінгенімен, бұл жоспарланған жұмыс болғанын, түрлі ойындар жүргенін көреміз.

Асылхан Мамашұлы шығарылымды Қонаев қанша сыналса да 74 жасында 1986 жылы 8 ақпанда қызметіне қайта сайланып алғанынан, КСРО бас хатшысы М.Горбачев оны орнынан алу ойынан айнымағанынан бастайды.

Бұл кезде Қазақстан КСР басшыларының арасы әбден суыған кез. Шілдеде Қонаевтың қатысуынсыз өткен кездесуде сол кездегі министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан компартиясының екінші хатшысы Олег Мирошкин Қонаевты Горбачевке ашық жамандаған. Горбачев жыл басында ғана сайланған Қонаев астық жинау науқанынан кейін өзі де кеткелі отырғанын жеткізіп, тыныш қана жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырады.

Ары қарай баспасөз арқылы Қонаевты қаралау компаниясы басталып, оны кетірудің алғышарттары жасалады. Қонаев тамыр-таныстыққа жол беріп біліксіз адамдарды басшылық қызметтерге тағайындағаны туралы әңгімелер, трайбализммен айналысқаны жөнінде сөздер айтылды.

Ақыры Қонаевта кетуден басқа амал қалмайды. Сөйтіп, 1986 жылы Горбачевке өзін зейнетке жіберу туралы арыз жазады. Арызды қабылдаған Мәскеу оның орнына Геннадий Колбинді қояды. Ұзамай Желтоқсан оқиғасы гүрс ете қалады.

Шығарылымда Қонаевтың «Горбачев орныма адам ұсынуға мүмкіндік бермеді», Горбачевтің «Қонаев орныма ұсынарлықтай адам жоқ деді» деп айтқандары келтіріледі. Десе де сол кезде қалыптасқан жағдайға байланысты Қонаевта Мәскеу мақұлдайтын, өзі сене алатындай қазақ үміткер болмаған. Сондықтан деректі фильмде пікір білдірген саясаткер Серік Әбдірахманов Қонаев орнына шынымен де кандидат ұсынбаған болуы мүмкін деп топшылайды.

Деректі фильмнің алғашқы шығарылымында 1982-1991 жылдары Қызылорда қалалық партия комитетінің 2-хатшысы болған Сәдуақас Аңсат Желтоқсан оқиғасының туындауын Қонаевтың өз орнын бергісі келмеуімен байланыстыратын ой айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз