Қазақстанның арзан жанармайы шетелге заңсыз сатылып жатыр

Қазақстанда бензин мен дизель бағасы көршілес елдермен салыстырғанда едәуір арзан. Соның салдарынан ай сайын шамамен 50 мың тонна жанармай заңсыз жолмен шетелге шығарылып жатыр. Бұл туралы Бакуде өткен «Каспий және Орталық Азия – мұнай өңдеу, мұнайхимия, сауда, логистика» атты шарада «RV-Oil&Gas» компаниясының бас директоры Расул Абдулхалилов мәлімдеді. Спикердің сөзін Report.az сайты келтіреді.
Оның айтуынша, арзан жанармайдың сыртқа кетуі ішкі нарықта тапшылық туғызады. Ал Қазақстан бұл тапшылықты Ресейден импорт есебінен жабуға мәжбүр.
Мұның басты себебі – 2000-жылдардың басында енгізілген бағаны мемлекеттік реттеу. Ұзақ мерзімде ол көрші мемлекетттермен арадағы баға теңсіздігі, ішкі нарықтағы тапшылық, инвестицияның азаюы және реформалардың кешеуілдеуіне әкелді.
Қазақстан 2025 жылдың ақпанынан бастап жанармай бағасына қойылған шектеуді алып тастағаны белгілі Соның салдарынан соңғы тоғыз айда дизельдің бағасы 10%-ға, ал бензин 14%-ға қымбаттады.
Сарапшылардың болжамынша, баға 2026 жылдың соңына дейін өсіп, Ресей деңгейіне жақындайды. Абдулхалилов атап өткендей, Қазақстандағы бұл өзгерістер бүкіл аймаққа әсер етеді.