Ресей соты Тимур Турловқа қойылған шектеуді алып тастады

Ресейдің арбитраж соты Freedom Holding басшысы Тимур Турловқа «Ассоциация» банкінің банкроттығына байланысты қойылған шектеулерді алып тастады. Бұл туралы Frank Media басылымы хабарлады.
Бұған дейін Ресейдің Депозиттерді сақтандыру агенттігі (АСВ) Турловтан 18,9 млн еуро және 2 млн доллар талап еткен еді. Агенттіктің пайымынша, лицензиясынан айырылған «Ассоциация» банкінің активтері тиімсіз валюталық операциялар арқылы Турловқа қатысты делінген кипрлік компанияларға шығарылған.
Алайда Тимур Турлов бұл айыптауларды жоққа шығарып, банктің операцияларына да, ондағы компанияларға да қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Сот ортақ келісімді бекітті. Біз бір-бірімізге қойған талаптардан толық бас тарттық. Бұл істі жалғастыру тым көп уақыт алатын еді, ал мен бұған уақыт жоғалтқым келмейді», – деді ол «Курсивке».
Турловтың айтуынша, АСВ-ның талап-арызын қайтарып, ешқандай шығын өндіріп алмауы, оның бұл іске қатысы жоқтығын дәлелдейді.
«Біз ештеңе төлемедік, барлық шағым-талап жойылды. Келісім бұл дауды толығымен аяқтады», – деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, Ресей Банкі «Ассоциация» банкінің лицензиясын 2019 жылғы шілдеде заң бұзғаны үшін қайтарып алған.
Freedom Holding Corp. 2025 қаржы жылын (2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы наурызға дейін) 2,1 млрд доллар табыспен аяқтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға көп. Компанияның таза пайдасы – 84,5 млн доллар. Активтері 8,3 млрд-тан 9,9 млрд долларға өсіп, 19% жылдық өсім көрсетті.
Қазақстанда Freedom Holding Freedom Broker (KASE мүшесі) және Freedom Finance Global (AIX мүшесі) арқылы жұмыс істейді. Сондай-ақ холдингке қарасты «Фридом Банк», Freedom Insurance және Freedom Life сияқты компаниялар бар.