Шетелдік инвестор ForteBank-ті сатып алуы мүмкін – Ғалым Хұсайынов

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
форте
Фото: kursiv.media

Қазақстан банк секторында жаңа ірі мәміле болуы мүмкін деген әңгіме күшейді. Экономист әрі қаржы ұйымдарының бұрынғы топ-менеджері Ғалым Құсайыновтың пікірінше, қазақстандық ForteBank-ті мажарлық OTP Bank сатып алуы ықтимал.

Бұл болжамға негіз болған жағдай – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДД) төрағасы Мәдина Әбілқасымованың мәлімдемесі. Агенттік басшысы Шығыс Еуропадан бір инвестор Қазақстандағы банктердің бірін сатып алуды қарастырып жатқанын хабарлаған. Алайда нақты қай банк екенін атаған жоқ.

Құсайыновтың болжамы

Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы он ірі банктің ішінде шетелдік инвестор үшін қолайлы нысан ретінде ForteBank ерекшеленеді. Құсайынов өз болжамын нақты мысалдармен түсіндіреді:

  • Halyk Bank – тым ірі, сондықтан шетелдік инвестор үшін бұл банкті сатып алу тым қымбат әрі күрделі болар еді.
  • Kaspi.kz – нарықтағы ең қымбат активтердің бірі, сонымен қатар өзі белсенді түрде басқа банктерді сатып алып отыр.
  • Банк ЦентрКредит (БЦК) – акционерлеріне банкті сатуы мүмкін емес
  • Jusan Bank – жуырда ғана иесін ауыстырды.
  • Еуразиялық банк – акционерлер арасындағы дау мәмілеге кедергі келтіреді.
  • Bereke Bank – жақында ғана катарлық инвесторларға өтті.

Осылайша, ықтимал нысандар қатарында тек RBK Bank пен ForteBank қалады. Ал OTP Bank бөлшек сауда сегментіне маманданғандықтан, ForteBank оған көбірек сәйкес келеді.

ForteBank-тің Home Credit Bank-ті сатып алуы

Бұл болжамды нығайтатын тағы бір фактор – ForteBank-тің биылғы қадамы. Маусым айында банк Home Credit Bank ұйымын сатып алу жөнінде келісім жасаған еді. 23 қыркүйекте ForteBank HCB акцияларының 26,8%-ын иеленгені белгілі болды.

Құсайыновтың пікірінше, бұл мәміле сатуға кедергі емес, керісінше банк құнын арттырып, әлеуетті инвестор үшін тартымды етуге бағытталған. Оның айтуынша:

«ірі банкті қымбатқа сату үшін оған қосымша активтер сатып алу қажет болуы мүмкін. Бұл нарықтағы позициясын күшейтеді».

Kursiv.Media сарапшының болжамына қатысты банктің пікірін білмекке ресми сауал жолдады. Банк баспасөз қызметінің жауабында қаржы ұйымы бұндай ақпаратқа түсініктеме бермейтіні жазылған.

«ForteBank» АҚ-ы жалған, расталмаған ақпараттар мен қауесеттерге түсініктеме бермейді. Банкке қатысты барлық жаңалықтар, хабарламалар мен қабылданған шешімдер банктің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады», – делінген жаупата.

ForteBank-тің иесі кім

ForteBank-тің негізгі акционері – белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратов. Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша оның байлығы 6,46 млрд долларды құрайды.

Егер OTP Bank шынымен ForteBank-ті сатып алса, бұл қазақстандық банк нарығына жаңа ойыншы келді дегенді білдіреді. Венгрлік банк Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі қаржы топтарының бірі саналады.

Сондай-ақ оқыңыз