Сыйақы 19%: қай банктен депозит ашқан тиімді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтар үшін депозит ақша жинаудың сенімді құралы болып тұр. Банктер қазір салымшыларды жоғары табыс пен әртүрлі шарттармен қызықтырып жатыр. 2025 жылдың күзінде жылдық тиімді мөлшерлемелер 17–19% деңгейіне жетіп, кейбір банктер қосымша артықшылықтар ұсына бастады. Digital Business басылымы ең пайдалы әрі ыңғайлы депозиттер тізімін жасаған.

Bereke Bank 18% жылдық тиімді мөлшерлемемен депозит ашады. Мерзімі – 3 айдан 2 жылға дейін, ең төменгі сома – 5 мың теңге. Пайыз күн сайын есептеліп, қосылып отырады. Бірақ ақша қосуға да, ішінара алуға да болмайды.

Freedom Bank-тің «Капитал» депозитінде мөлшерлеме – 17%. Мерзімі – 3 айдан 3 жылға дейін, ең төменгі сома – 500 мың теңге. Пайыз ай сайын төленеді, капитализация бар. Алайда қосымша салым жасауға немесе ақша алуға мүмкіндік жоқ.

RBK Bank «SAFE» депозиті 18,3% тиімді табыс ұсынады. Мерзімі – 3 жылға дейін, салым – 15 мың теңгеден басталады. Пайыз тек мерзім соңында бір-ақ рет төленеді.

Банк ЦентрКредит «Рахмет» депозитінде мөлшерлеме – 17,8%. Мерзімі – 3, 6 немесе 12 ай. Ең аз салым – 500 мың теңге. Капитализация бар, бірақ ақша қосып немесе бөліп ала алмайсыз.

Halyk Bank «Максимальный» депозитін 3 айдан 2 жылға дейінгі мерзімге ашуға болады. Жылдық тиімді табыс – 18%, пайыз ай сайын төленеді әрі қосылып отырады. Ең төменгі сома – 15 мың теңге.

Еуразиялық банк «TURBO» қазіргі таңда ең жоғары табысты ұсынып отыр – 19%. Мерзімі – 3 айдан 3 жылға дейін, ең төменгі салым – 1 мың теңге ғана. Пайыз ай сайын төленеді және капитализация бар. Бірақ қосымша ақша сала алмайсыз.

VTB Bank «Доходный» депозитінде тиімді мөлшерлеме – 18%. Мерзімі – 3 айдан 3 жылға дейін, ең аз сома – 100 мың теңге. Пайыз ай сайын қосылып отырады.

Kaspi Bank те 18% табыс ұсынады. 3 айға салсаңыз – 16,7%, 6 айға – 15,8%. Ең төменгі сома – 500 мың теңге. Артықшылығы – депозитке қосымша ақша сала аласыз. Бірақ мерзімінен бұрын шешіп алу мүмкін емес.

Жалпы, қазір банктердің көпшілігі 17–19% шамасында табыс ұсынып отыр. Ең жоғары мөлшерлеме – Еуразиялық банкте. Бірақ салым таңдағанда тек пайызға ғана емес, шарттарына да мән берген дұрыс. Кейбірінде пайыз ай сайын төленсе, кейбірінде тек мерзім соңында беріледі. Бірінде капитализация бар, бірінде жоқ.

Тамыз айының соңында қазақстандық банктердегі депозиттердің көлемі 42,8 трлн теңгеге жетті.

Сондай-ақ оқыңыз