Тамызда қазақстандықтардың доллар мен еуроға деген сұранысы артты

Тамыз айында қазақстандықтардың доллар мен еуроға деген сұранысы артып, нетто-сатылым көлемі айтарлықтай көбейген. Ал рубльдің жағдайы әлі де әлсіз: сатылым басым болғанымен, шілдемен салыстырғанда қысқарған. Бұл туралы Ұлттық банк статистикасында жазылған.
Доллар
Шілде айында айырбастау орындары арқылы доллардың нетто-сатылым көлемі 120,8 млрд теңгені құраса, тамызда бұл көрсеткіш 138,8 млрд теңгеге жетті. Яғни, бір айдың ішінде доллар операцияларының көлемі 17,9 млрд теңгеге өсті. Бұл халықтың АҚШ валютасына деген қызығушылығының арта түскенін білдіреді. Әсіресе, Алматы қаласы көш бастап, тамыз айында 61,5 млрд теңгелік нетто-сату көлемін көрсетті (шілдеде – 42,4 млрд теңге).
Еуро
Еуроға да сұраныс жоғары. Шілде айында еуро бойынша айырбастау орындары нетто-сатылымда 5,7 млрд теңге көрсетсе, тамызда бұл көлем 6,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бір айлық өсім шамамен 1,2 млрд теңге болды. Аймақтар ішінде Алматы мен Астана қалаларының үлесі жоғары: Алматыды тұрғындары 3,6 млрд теңгеге еуро сатып алса, Астана халқы 1,5 млрд теңге жұмсаған.
Рубль (RUB).
Ресей валютасы бойынша жағдай керісінше қалыптасты. Шілдеде рубльдің нетто-сату көрсеткіші -53,2 млрд теңге деңгейінде болса, тамызда ол -31,0 млрд теңгеге дейін қысқарды. Бұл рубль ұсынысы әлі де жоғары екенін, яғни халықтың оны сатып емес, керісінше сатуға бейімді екенін көрсетеді. Дегенмен, тамызда шілдеге қарағанда теріс сальдо 22,2 млрд теңгеге азайған.
2025 жылғы мамырда қазақстандықтар рубльден жаппай бас тартып, жаңа рекорд орнатты. Ұлттық Банктің мәліметінше, осы айда айырбастау пункттері рубльді 35,7 млдр теңгеге сатып алған.