Тоқаев: АЭС құрылысына қатысты келіссөздерде ел мүддесін ескеру қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамыту – жалпыұлттық міндет екенін атап өтіп, АЭС салу барысында экологиялық талаптарды қатаң сақтау және келіссөздерде ел мүддесін қорғау қажеттігін айтты. Бұл турады ол Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, атом генерациясы – таза қуат көздерінің бірі. Дегенмен, станция құрылысы барлық экологиялық нормаларға сай жүргізілуі керек. Тоқаев халық арасында радиацияға қатысты қорқыныш барын атап, оны сейілту үшін кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Келіссөз барысында ұлтты мүдде ескерілуі тиіс
АЭС жобасын халықаралық консорциум жүзеге асырады, оның жетекшісі – «Росатом». Мемлекет басшысы келіссөздерде Қазақстан мүддесі қатаң ескерілуі тиіс екенін ескертіп, уран байлығын талан-таражға салуға жол берілмейтінін айтты.
«Тиісті Агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды», – деді ол.
Стратегиялық ресурстар және жаңа станциялар
Қазақстан уран қоры бойынша әлемде көшбасшы, ғаламдық қордың 40 пайызы елімізде шоғырланған. Президент бұл басымдықты дұрыс пайдалану қажеттігін айтып, уран енді ішкі нарықтың да қажетіне жарайтынын жеткізді. Сонымен бірге, еліміз бір ғана АЭС-пен шектелмей, екінші және үшінші станцияны да жоспарлап отырғанын хабарлады.
Президент атом энергетикасын дамытуға стратегиялық минералды ресурстар керек екенін атап өтті.
«Қазақстанда бұл салаға қажетті сирек кездесетін металдар жеткілікті. Біз – уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы мемлекеттің біріміз. Әлемдегі уран қорының 40 пайызы – қазақ жерінде. Осы басымдығымызды дұрыс пайдалану қажет. Атом станциясы салынған соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалған жөн, тиісті талдау жүргізілуге тиіс. Ғалымдарымыз осыны ескеруі керек», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы бағытындағы жұмыс бір ведомствоның немесе саланың аясында шектеліп қалмауға тиіс екенін ескертті.
«Ядролық энергетиканың негізін қалау – ауқымды жалпыұлттық міндет. Атом генерациясы ең таза қуат көздерінің бірі саналатынына қарамастан, АЭС құрылысында барлық экологиялық норманы сақтау – басты талап. Ғылыми және қоғамдық ұйымдармен конструктивті ықпалдастықты жолға қою маңызды. Азаматтарымыздың белгілі бір бөлігінде радиофобия бар. Одан арылу үшін кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Атом жобаларын жүзеге асыру барысында жергілікті бизнестің мүддесін ескеріп, отандық үлестің деңгейін барынша қамтамасыз ету керек», – деді ол.
Қазақстанда алғашы АЭС-ті Ресейдің Росатом компаниясы салмақ. Сарапшылардың есептеуінше, АЭС құрылысына 10-12 млр доллар кетеді. Станция құрылысы 10 жылға созылуы мүмкін. Қазір Үлкен ауылы маңындағы жерде инженерлік зерттеу жұмыс басталған.