
«Қазақстан темір жолы» АҚ мен АҚШ-тың Wabtec компаниясы арасында жалпы құны 4,2 млрд долларды құрайтын ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылған Жоспарға сәйкес, бұл қаржыға 2027–2036 жылдары жылына 30 бірліктен 300 жаңа локомотив сатып алынады.
Сонымен қатар бұрын алынған 405 локомотивке техникалық қызмет көрсету мерзімі 2058 жылға дейін ұзартылып, жаңаларына 18 жылдық толық сервис қарастырылған.
Жоба барысында KinetiX цифрлық жүйесінің бес жиынтығын жеткізу, 505 локомотивтің тораптарын үш жыл ішінде күрделі жөндеу және қызмет көрсету орталықтары орналасқан өңірлерде әлеуметтік нысандар салу қарастырылған.
ҚТЖ-Жүк тасымалы ЖШС бас директорының орынбасары Асан Үмбетов бұл келісім бір реттік мәміле емес, елге ондаған жылдарға заманауи жылжымалы құрам мен кепілдендірілген қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін стратегиялық әріптестік екенін атап өтті.
Қолданыстағы 1970–1980 жылдары шығарылған дизелмен жүретін локомотивтердің қызмет ету мерзімі аяқталып келеді. Жаңа TE33AТ сериялы локомотивтер айқын артықшылықтарға ие: жанармай шығыны аз, тарту сипаттамалары жақсартылған, сенімділік деңгейі жоғары.
Бұған дейін ҚТЖ төрт жылда 456 локомотив, 7 мыңнан астам жүк вагоны сатып алатынын хабарлаған.