
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзіміне қатысты алаңдаушылық білдірді.
Әкімнің айтуынша, қаладағы ең үлкен түйткіл – мердігерлердің өз міндетін тиісінше орындамауы. Қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, кейбір нысандарда жұмыстар уәде етілген мерзімде аяқталмай, сапасыз атқарылып жатыр.
«Бірнеше ондаған техника мен жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған нысандарда бар болғаны бір-екі көлік пен санаулы адам жүр. Ал тұрғындар опырылып кеткен жолға, шаң мен топыраққа, қазылғаннан кейін қайта қалпына келтірілмеген аумақтарға шағымданып жатыр. Бұл жұмыс емес, бұл жауапсыздық», – деді қала басшысы.
Дархан Сатыбалдының мәліметінше, тек бірнеше мердігер ұйымға ғана 38 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондықтан қала билігі сапалы нәтиже талап етуге толық құқылы.
Әкімнің айтуынша, мердігерлердің салғырттығы салдарынан жобалар ұзаққа созылып, кейде қаржылық қиындықтарға байланысты мүлдем тоқтап қалады. Қазылған жолдардың қалпына келтірілмеуі мен технологиялық талаптардың сақталмауы да жиі кездесетін мәселе.
«Жағдайды сыртқы себептерге сілтеп, кінәні басқаға артуға болмайды. Жұмысты сапалы да уақытылы орындасын. Әйтпесе, Алматы жобаларынан оларды шеттетеміз. Салғырттыққа жол бергендерді лицензиясынан айырып, жауапқа тартамыз», – деп түйіндеді Дархан Сатыбалды.