5 күнде 600 шақырым: Астанада әскери қызметкер марафонға шықты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Астанада әскери қызметкер марафонға шықты / фото: Қорғаныс министрлігі

Астанада аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімше командирі, 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов бес күнде 600 шақырымды еңсеруді мақсат етіп отыр.

Жүгіру бағыты: Астана – Көкшетау – Астана. Марафон «Көктал» саябағынан басталып, Қорғаныс министрлігінің ғимараты алдында мәреге жетпек. Күн сайын спортшы 120 шақырымнан жүгіріп, әр 40 шақырым сайын демалуды жоспарлаған.

«Оған дайындық үшін екі ай бердік. Осы уақыт ішінде Рауан күн сайын 40 шақырымнан артық жүгіріп отырды», – деді елорда аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Омар Орынбаев.

Әбілханов бұл ерекше сынақты Республика күніне арнап отыр. Бұдан бөлек, ол алдағы уақытта Қарағанды тас жолы арқылы Балқашқа дейінгі 1000 шақырымды 10 күнде бағындыруды көздейді.

World Book of Records ұйымының дивизион генералы Қуаныш Құдайбергенов мұны әлемдік деңгейдегі бірегей жоба деп атап өтті:

«Әбілханов – шетелдерге де танымал ең дайын ультрамарафоншылардың бірі», – деді ол.

Марафоншының әрбір қадамын Strava қосымшасы тіркеп отырады. Жүгіру қорытындысы Қазақстан рекордтар кітабына енгізілмек.

42 жастағы сержант Әбілханов – 20 жылдан астам уақыт Қарулы күштер қатарында қызмет етіп келе жатқан әскери. 15 жылдан бері спортпен айналысып жүр. Бұған дейін 2022 жылы Алматы облысында 48 сағат ішінде 350 шақырымды еңсеріп, рекорд орнатқан болатын.

Әбілханов – тек спортшы ғана емес, көпшілікке үлгі болар әке. Жұбайымен бірге тоғыз баланы тәрбиелеп отыр: сегіз қыз және бір ұл.

Сондай-ақ оқыңыз