
30 қыркүйек күні Алматыда футбол тойы болмақ. Жергілікті «Қайрат» мадридтік «Реалға» қарсы алаңға шығады. Алайда стадионнан билеттерді бәрі бірдей ала алмады. Сондықтан жанкүйерлер үлкен экран орнатылған барлар мен мейрамханаларды іздеп, ойынның атмосферасын трибунадан тыс жерде сезінуге тырысып жатыр.
Депозит пен алдын ала төлем – басты шарт
Қаладағы барлар мен мейрамханалардың көбі матч күні депозит жүйесін енгізді. Көптеген мекемеде орындар әлдеқашан толып қойған, ал кейбірінде алдын ала төлем талап етіледі.
Алматылықтарға ұсынылып отырған бірнеше нұсқа:
- «Мята Вышка» – бір адамға 5 000 теңге депозит.
- «Теплица» мейрамханасы – депозит 10 000 теңге, алдын ала 50% төлеу қажет.
- «У Афанасича» мейрамханасы – бір адамға 15 000 теңге.
- «Лен» мейрамханасы – 25 000 теңге. Матч 2×3 метрлік LED-экранында көрсетіледі.
- Sunset мейрамханасы – 20 000 теңге. Қонақтарға стейк пен балғын сыра уәде етіледі.
- Irwin бары (Панфилов көш.) – 10 000 теңге.
- Laureat Grand Cafe – бір адамға 10 000 теңге.
- «Лето» кафесі – рекордтық баға: бір үстелге 150 000 теңге, алдын ала 50 000 теңге төлеу керек.
- Esperanza мейрамханасы (300 орын) – 10 000 теңге. Екі үлкен LED-экран қойылады.
- «Мюнхен» бары – бір үстелге (6 адамға) 80 000 теңге.
Қаладағы танымал Caffe Leffe мен Harat’s Pub орындарына қазірдің өзінде бос орын жоқ. Ал Queen Almaty мейрамханасы матчтан кейінгі after party-ге де шақырады.
Депозитсіз көруге болатын жерлер
Футболды тегін көруге де мүмкіндік бар. PlatformA фудмаркеті матчты ешқандай броньсыз және депозитсіз көрсетуді уәде етіп отыр. Қонақтар ас-суын фудкорттан сатып ала алады.
Айта кетерлігі, трансляцияны бұған дейін мүлдем ұйымдастырмаған мекемелер де бұл жолы экран орнатып отыр. Мәселен, Herosjorney фитнес-орталығы студия аумағында тегін көруді ұсынды.
Бұған дейін, Kursiv.Media Алматыдағы Орталық стадион маңында пәтерлердің бағасын зерттеп, жазып шыққан еді.