Жаңалықтар

Қазақстанда халықаралық деңгейдегі 24 қонақүй салынады

Қазақстанда халықаралық деңгейдегі 24 қонақүй салынады / фото: shutterstock

Қазақстанда алдағы жылдары әлемдік қонақүй брендтерінің қатары көбейеді. Елдің 11 өңірі мен қаласында халықаралық стандарттарға сай 24 жаңа қонақүй салу жоспарланып отыр. Жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асады.

Халықаралық қонақүй желілері Қазақстан өңірлеріне ерекше қызығушылық танытып отыр.

«Біз туристік инфрақұрылымның сапасын арттырып, өңірлердің туристік тартымдылығын күшейту мақсатында халықаралық қонақүй желілерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазақстанда сапалы орналастыру орындарына деген сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Бұл іскерлік белсенділік пен туристер санының көбеюіне байланысты. Халықаралық қонақүй брендтерінің болуы сервис стандарттарын арттырып қана қоймай, нарықтағы бәсекелестікті де ынталандырады», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.

Сарапшылардың айтуынша, қонақүй нарығын дамыту ел экономикасына мультипликативтік әсер береді: жаңа жұмыс орындары ашылады, туризм артады, сонымен бірге жергілікті бизнес те кеңейе түседі.