Алматы жылыту маусымына дайын ба?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жақында Алматыда жылыту маусымы басталады / Фото: Алматы әкімдігі

Шамамен 2 аптадан соң, Алматыда жылыту маусымы басталады. Осыған орай қала әкімі Дархан Сатыбалды жылыту маусымына дайындық барысын тексерді. Әкім қаланың жылыту нысандарын аралап, олардың техникалық жағдайымен танысқан.

Әкім бірінші Медеу ауданында орналасқан Оңтүстік-Шығыс аудандық қазандығына барған. Бұл нысан 590 ғимаратты жылумен қамтамасыз етеді. Қазандықтың негізгі отын түрі – табиғи газ, ал жалпы қуаты – 208 Гкал/сағ. Мұнда қысқы маусымға дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілгені айтылды.

Содан кейін Алматыдағы ірі ЖЭО-2 нысанына барған. Қуаты 1411 Гкал/сағ құрайтын нысанда 664 қызметкер жұмыс істейді. Жылу орталығы жаңғыртылып жатыр. Бүгінгі күні нысандағы жһндеу жұмыстары 80%-ға аяқталған. Бұл кәсіпорын өкілдері де барлық жұмыс белгіленген мерзімде толық аяқталатынын мәлімдеді.

Сонымен бірге әкім ЖЭО-1 нысанының жұмыс барысымен танысқан. Орталық толықтай газбен жұмыс істейді және қаланың орталық пен шығыс бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Қуаты 1203 Гкал/сағ. Мұнда 357 қызметкер еңбек етеді. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Ал толық дайындық 30 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жағдаймен танысқан Дархан Сатыбалды жылу беру маусымына дайындықты өз бақылауында ұстайтынын айтып, жылыту маусымына дайындықты уақытында аяқтауды тапсырған.

Сондай-ақ оқыңыз