
Қырғызстан халқының 11%-ы түрлі психикалық ауруға шалдыққан. Мұны Денсаулық сақтау министрі Эркин Чечейбаев мәлімдеді.
24 ақпаратына қарағанда, тұрғындар арасында үрей, депрессия, суицидке бейімділік, сондай-ақ алкоголь, темекі мен психоактивті заттарға тәуелділік кең тараған.
Сондықтан Қырғызстанда алғаш рет психикалық денсаулыққа қатысты ұлттық стратегия әзірленіп жатыр. Министр бұл саладағы стигманы азайтып, психиатриялық қызметтерді халыққа жақындатпақ. Бұл үшін жанұялық дәрігерлермен бірге психиатр, психолог және медбике жұмыс істейтін командаларды құру жоспарланып отыр.
Психиатриялық клиникаларға жөндеу жүргізу мен төсек-орын санын көбейту қажет екені айтылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, психикалық дерттердің таралуы алдағы уақытта да өседі. Сол себепті Қырғызстан 2030 жылға дейін психикалық денсаулық стратегиясын қабылдап, халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істемек.
Мұның алдында Қырғызстан парламенті таратылғаны туралы жазған едік.