Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз дұрыс – Тоқаев

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев «әділетті, қуатты, таза әрі қауіпсіз Қазақстанды құруға ғалымдар қауымы үлес қосады» деп сенім білдірді / фото: Ақорда
Тоқаев «әділетті, қуатты, таза әрі қауіпсіз Қазақстанды құруға ғалымдар қауымы үлес қосады» деп сенім білдірді / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте ғалымдардың ағартушылық миссиясына тоқталды.

Оның пікірінше, ғалымдар түрлі саланы терең біледі. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын жақсы түсінеді.

«Соны жастарға айтып жеткізу керек. Олардың бойында әлеуметтік оптимизм қалыптастыру өте маңызды. Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз – дұрыс. Еліміз қиындықтың бәрін еңсеріп, үздіксіз дамып келеді», – деді Қазақстан президенті.

Тоқаевтың сөзіне қарағанда, 5 жыл ішінде еліміздің ЖІӨ-сі 181 миллиардтан 291 миллиард долларға артып отыр. Биылғы 8 айдың өзінде ел экономикасы 6,5 пайызға өскен.

«Еліміздің халықаралық резерві мен Ұлттық қордың активі 116 миллиард доллардан асты. Соның ішінде халықаралық резервіміз рекордтық деңгейге жетіп, 54,6 миллиард доллар болды. Мұның бәрін басқа мемлекеттер, беделді ұйымдар көріп отыр, мойындап жатыр. Мысалы, Standard and Poor’s агенттігі бұған дейін еліміздің дамуын «тұрақты» деп болжап келді. Енді «жағымды» деген болжам жасауда. «Сырт көз – сыншы». Әлем қауымдастығының Қазақстанға деген сенімі біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді», – деді Тоқаев.

Десе де, халықаралық рейтингтерде жоғары орын – түпкі мақсат емес. Бұған тоқмейілсуге болмайды.

«Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Дәл сол себепті біз қиын да күрделі өзгерістер арқылы реформалар жүргіземіз. Бұл оңай жол емес», – деп ескертті президент.

Тоқаев «әділетті, қуатты, таза әрі қауіпсіз Қазақстанды құруға ғалымдар қауымы үлес қосады» деп сенім білдірді.

Ақордада ауыс-түйіс болып жатыр. Президент бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен босатты.

Сондай-ақ оқыңыз