Қазақстандағы жеке кәсіпкерлердің жартысы – әйелдер

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Аида Балаева/ Фото: Be Woman форумынан

Қазақстандағы жеке кәсіпкерлердің 53,4%-ы әйелдер. Шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпорындардың 48,2%-ын әйелдер басқарады. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Be Woman форумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.

«Еліміздің әйелдерін экономиканың қозғаушы күші деп айта аламыз. Дамушы деген деңгейден әлдеқашан өткен мемлекетімізге әлемнің қатынасы әйелдер арқылы көрініс табады. Қазақ әйелінің орташа жасы – 75.8 жыл.Бұл тек жеке көрсеткіш қана емес, Қазақстандағы жалпы денсаулық сақтау жүйесінің сапа деңгейін білдіреді. Қазақстандағы әрбір бесінші әйелдің жоғары білім бар. Еліміздің жоғары оқу орындарындағы әрбір екінші студент – әйел. Ғылым әлемінде 55,7%-ы – әйел зерттеушілер», – деп атап өтті ол.

Балаеваның сөзінше, қазақстандық қыздардың 30%-ы білім беруде STEM бағытын таңдайды. Елдегі ең ірі технопаркте Astana Hub-тағы әрбір жетінші стартапты қыздар жасаған.

Мемлекеттік басқарудағы әйелдердің де орны ерекше. Барлық мемлекеттік қызметкердің 55,8%-ы, Парламент депутаттарының 20%-ы да әйелдер. Дегенмен дипломатия мен әскери салада әйелдер әлі көп емес. Елшілердің тек 4 пайызы, полиция қызметкерлерінің 16 пайызы ғана әйелдер

«Қазақстан әйелі заманауи, білімді, экономикалық белсенді және әлеуметтік жауапкершілігі бар. Ол бизнес ашып, білім беріп, мемлекеттік жобаларды басқара алады. Сонымен бірге олар қамқор әйел, табысты, нағыз патриот ұрпақтың жаңа буынын тәрбиелей алатын нәзікжанды ана», – деп баға берді министр.

Сондай-ақ оқыңыз