Алатау қаласы арнайы мәртебеге ие болды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойды. Құжат Ақорда сайтында жарияланды.
«Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе берілсін», – деп жазылған жарлықта.
Құжатқа сәйкес, осы қаланы дамыту жөніндегі кеңес құрылады. Ол «Alatau City Authority» мемлекеттік қорын басқарады.
Мемлекет басшысы жыл аяғына дейін парламентке Алатау қаласы туралы конституциялық заң жобасын енгізуді тапсырды. Жарлықты орындау президент әкімшілігіне жүктелді.
Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Алатау туралы былай деген:
«Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмысы аяқталды, инфрақұрылымның негізгі желілері қосылды».
Президенттің пікірінше, Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек.