
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватияның Загреб қаласында өткен күрес түрлері бойынша Әлем чемпионатындағы жоғары жетістіктері үшін спортшылар мен бапкерлерді марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали «Құрмет» орденімен марапатталды. Еркін күрестен қола жүлде алған Нұрқожа Қайпанов та осындай құрметке ие болды. Бұған қоса, жаттықтырушы Камал Гаджимагомедов «Құрмет» орденімен марапатталды.
Әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Оның бапкері, Алматы қаласы «Шаңырақ» шағын ауданы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жаттықтырушысы Еркебұлан Кешубаевқа да дәл осындай медаль бұйырды.
Сонымен бірге, Тоқаев Спортты дамыту дирекциясының жаттықтырушысы Юрий Мельниченкоға алғыс жариялады.