Алматы зообағында амур жолбарыстары дүниеге келді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Амур жолбарысының күшіктері / фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласының зообағында амур жолбарысының күшіктері дүниеге келді. Бұл туралы Kursiv.Media мегаполис әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Зообақтағы амур жолбарысы екі еркек күшік туды. Мекеме қызметкерлері оларды Бентли мен Айки деп атады.

«Бұл – соңғы жылдардағы алғашқы төл және Қызыл кітапқа енгізілген сирек түрді сақтау жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті қала әкімдігі.

Амур жолбарысы – жалғыз жүретін жыртқыш. Сондықтан жұп құруы мен төлдеуі ерекше күтімді қажет етеді. Зообақ мамандары серігін мұқият таңдап, жануарларға барынша қауіпсіз жағдай жасады.

Әкімдік мәліметінше, жолбарыс күшіктері 14 маусымда дүниеге келіп, алғашқы айларын тыныш аймақта өткізді.

«Онда дыбыс пен көзге түсетін әсерлер азайтылған. Бұл аналықтың күйзелісін төмендетіп, төлдердің дұрыс жетілуіне ықпал етеді».

Алдағы демалыс күндері анасы күшіктерімен бірге ашық вольерге көшіріліп, келушілер зообақтың жаңа тұрғындарын тамашалай алады.

Сондай-ақ оқыңыз