Жаңалықтар

Үкімет қаулысы: 795 кәсіп түрі салық жеңілдігін ала алмайды

Жаңа жылдан бастап салық төлеушілерді көп өзгеріс күтіп тұр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Жаңа жылдан бастап салық төлеушілерді көп өзгеріс күтіп тұр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық экономика министрлігі арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды. 1111 кәсіп түрінің 795-і салық жеңілдігін пайдалана алмайды. Жоба Ашық НҚА порталында жарияланды. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

Министрлік жаңа Салық кодексі аясында үкімет қаулыларының жобасын ұсынды. Талқылауға екі құжат шығарылды:

  • жеңілдетілген декларация негізінде арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі;
  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі.

Тыйым салу тізімі

Салық жеңілдігін пайдалана алмайтындар:

  • табысы жылына 600 мың АЕК-тен (2, 359 млрд теңге) асатын бизнес субъектілері;
  • басқа компаниялардың үлесі 25%-дан асатын заңды тұлғалар;
  • құрылтайшылары немесе қатысушылары бір мезгілде, АСР-дегі басқа заңды тұлғаларға қатысатын немесе құрылтайшысы болып табылатын ұйымдар;
  • коммерциялық емес ұйымдар;
  • арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер);
  • АЭА, «Астана Хаб» қатысушылары;
  • бірлескен қызмет шарты бойынша жұмыс істейтін салық төлеушілер.

Тыйым салынғандар тізбесіне ірі бизнеспен байланысты салалар: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополия субъектілерінің қызметі, көтерме сауда, 2000 шаршы метрден астам алаңдағы ритейл, телекоммуникация, интернет пен IT, қаржылық және сақтандыру қызметі, кәсіби агенттік және консалтингтік қызмет, ҒЗТКЖ және тағы басқалары кіреді.

Барлығы 1111 кәсіп түрінің ішінде шектеу 795 қызмет түріне (70%) салынды. Алайда министрлік салық төлеушілерге шаққанда шамамен 30% ғана деп отыр.

«Негізгі себеп — бұл салалардағы операциялардың едәуір бөлігі жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатын ірі бизнеспен жасалған мәмілелерге тиесілі: құрылыста — 99,9%, жер қойнауын пайдалануда-98,7%, көлік пен қоймада-96,7%», – деп түсіндірді министрлік.

Салық жеңілдігін пайдалана алатындар

300-ге жуық қызмет түрі жеңілдіктер пайдалана алады:

  • 2000 шаршы метрге дейінгі алаңдағы бөлшек сауда (дәріханаларды қоса алғанда);
  • тауарларға пошта арқылы немесе Интернет желісі арқылы тапсырыс беру арқылы жасалатын бөлшек сауда, желілік маркетинг, сондай-ақ дүкеннен тыс басқа да бөлшек сауда;
  • тұру, тамақтану, тұрғын үйді жалға алу мен көлік қызметі;
  • жеңіл және тамақ өнеркәсібі;
  • жолаушы тасымалы;
  • мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласындағы қызмет, медициналық және әлеуметтік қызмет;
  • тұрғындарға арналған тұрмыстық және құрылыс жұмысы;
  • шығармашылық индустрия, спорт, мәдениет;
  • ауыл шаруашылығы.

Министрлік мәліметінше, жеңілдік кәсіпкерлердің шамамен 70%-ына беріледі. B2C-ге бағытталған шағын бизнес АСР бойынша жұмысын жалғастырып, ал ірі қызмет түрі жалпыға бірдей белгіленген режимге көшеді.

Сонымен бірге, жалпы белгіленген режимге көшкен кезде айналымы жылына 40 млн теңгеге дейінгі салық төлеушілер ҚҚС төлемейді.

«Құжат АСР-ді жосықсыз пайдалануды қысқартуға, әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, салық жүктемесін әділ бөлуге және шағын бизнес үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді экономика министрлігі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға рұқсат беру тізімі

Үкімет қаулысымен ЖК тіркемеген, жұмыскері жоқ және айына 300 АЕК-ке дейінгі кіріс алатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қолжетімді қызмет түрлерінің тізімін бекіту ұсынылады. Оған 46 кәсіп бағыты кіреді.

АСР қолдану құқығы аяқ киім жөндеу, спорт пен демалыс саласындағы білім беру, мәдениет саласындағы білім беру, білім беру саласындағы басқа да көмекші қызмет, тұрғын үйді жинау, фотосурет қызметі, сұлулық салоны қызметі, мамандандырылған құрылыс жұмысы, такси қызметі, жалдау және жалға беру, компьютерлерді, жеке тұтыну затын, тұрмыстық тауар жөндеу, сондай-ақ өзге де жеке қызметтерде сақталады.

Арнаулы салық тәртібі туралы

Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді. Қазір жеті арнаулы тәртіп бар болса, 2026 жылы солардың үшеуі ғана қалады. Олар төмендегі кестеде көрсетілген:

 СубъектОбъектКіріс бойынша шегіЖалдамалы қызметкер саныМөлшерлемеҚызмет түрлері
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған салық режимі (патент, мобильді қосымша)Жеке тұлғаКірісіАйына 300 АЕК (1,3 млн теңге/ай)Жалдамалы қызметкерсіз4% Тек МЗЖ, ЖБМЗЖ, ӘА, МӘМС (ЖТС-сыз)Қолдануға рұқсат қызмет түрлері (Үкімет тізіміне сай)
Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміЖеке кәсіпкер, ЖШСКірісіЖылына 600 мың АЕК (2,4 млрд) + Жылдық кіріс 100 млн теңгеден асса, еңбекақы төлеу қоры салық салынатын кірістен алып тасталадыШектеусіз4% B2C (жеке тұлғалармен) және B2B (бизнеспен) Мәслихаттар 50% төмендете, көтере аладыҚолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі (Үкімет дайындайды)
Шаруа қожалықтарына арналған салық режиміШҚСалық жеңілдіктері сақталады, тек жеке табыс салығы салынады. БЖС алып тасталады.Кірістен 0,5% 

Жаңа жылдан бастап жаңа кодекс қолданысқа енген уақытта салық төлеушілерді не күтіп тұрғанын білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалымен танысып шығыңыз.