
Келесі аптада Астанадағы ЛРТ-ның кейбір станциялары іске қосылады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді,
Астана әкімі айтуынша, LRT желісі бойынша алғашқы пойыз іске қосылуы қыркүйек айының соңында жоспарланып отыр.
«Біз жалпы 29 немесе 30 қыркүйек күні алғашқы пойызды, мысалы, Абу-Даби станциясынан Мәңгілік Ел көпірі бағытында іске қосуымыз мүмкін деп күтіп отырмыз. Кейін күн сайын жұмыс уақыты ұлғайтылады. Бірінші күні – белгілі бір сағаттарда ғана жүреді, әрі қарай осы процеске тартылатын станциялар саны, маршрут ұзындығы мен пойыздар саны ай сайын көбейіп отырады«, – деді Жеңіс Қасымбек Мәжіліс кулуарында кулуарында.
Бір апта ішінде 1-2 станция арасында тестілік режимде пойыздар қозғалысы басталады деп күтілуде. Жалпы тестілеу мерзімі 3 айдан 6 айға дейін созылады.
««Қазан айында қосымша 8 пойыз жеткізіледі, ал желтоқсанға дейін барлығы 18 құрам толық келеді. Жоспар бойынша барлық пойыздар келесі жылдың басында жұмысын бастайды. Желтоқсанның соңында немесе қаңтардың басы мен ортасына қарай барлық құрамдар тестілік режимде іске қосылады деп жоспарлануда. Жобалық тариф – 200 теңге«,– деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада LRT жобасының барлық ұзындығы – 22,4 шақырымға рельстер төсеу жұмыстары аяқталғаны туралы жазған едік. LRT желісінің болашақ станцияларының атаулары белгілі болды. Депутаттар 18 аялдаманың атауын бекітті.
 
                                                             
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                    