
2025 жылдың соңына дейін Астанада тағы 20 мың бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұл құрылғылар жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі 35-тен астам бейнеаналитика алгоритмімен жұмыс істейді. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда қаладағы жедел басқару орталығына 37 мыңнан астам камера қосылған. Солардың көмегімен әрбір үшінші қылмыстың беті ашылып отыр.
«Жыл соңына дейін жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, 35-тен астам алгоритмі бар 20 мыңнан астам интеллектуалды бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Оған бет-әлпетті тану, азаматтардың мінез-құлқын талдау, жол қозғалысына қатысты аналитика және төтенше жағдайлар қызметін автоматты түрде хабардар ету жүйелері кіреді», – деді Қасымбек Мәжілістегі жасанды интеллектті дамытуға арналған парламенттік тыңдауда.
Оның айтуынша, бұл жүйе полиция жұмысының тиімділігін арттырып, елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында серіктестер тарапынан 53,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланған. Қазіргі таңда оның шамамен 20 млрд теңгесі игерілген.
Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек келесі аптада Астанадағы ЛРТ-ның кейбір станциялары іске қосылатынын мәлімдеді.
 
                                                             
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                    