Lifestyle

Қазақстан Hyundai мен Lexus көліктері ең көп сатылған 20 елдің қатарына кірді

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор, Ахтам Зиперов

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Hyundai және Lexus брендтерін сатуда ең ірі нарықтардың бірі атанды.

Car Industry Analysis деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда 44 361 жаңа Hyundai автокөлігі сатылған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5% төмен. Осылайша, есептік кезеңде Hyundai брендінің сату көлемі жағынан Қазақстан 17‑орынды иеленген. Италияда — 49 477, Францияда — 45 746, Польшада — 31 005 көлік сатылған. Ал ең көп сату Америка Құрама Штаттарында (836 802), Үндістанда (605 424) және Оңтүстік Кореяда (547 794) орын алған.

Car Industry Analysis деректері Қазақстан автокөлік одағы жариялаған ресми мәліметтермен шамалас. 2025 жылдың қаңтарында жарияланған ақпаратқа сай, 2024 жылы ресми дилерлер Hyundai маркалы 44 218 автокөлік сатқан, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,4% төмен.

Lexus маркасына келсек, Car Industry Analysis мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 3 809 көлік сатылған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Есептік кезеңде Қазақстан жапондық брендтің сату көлемі бойынша әлемде 17-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш Германияда (5 721), Кувейтте (5 157) және Қатарда (3 325) сатылған көлеммен шамалас.

Lexus автокөліктері ең көп сатылған елдер қатарында АҚШ (345 665), Қытай (181 001) және Жапония (86 069) бар.

Айта кетейік, Қазақстан Toyota Land Cruiser 250 және Cadillac Escalade модельдерін сату бойынша да әлемнің үздік ондығына кірді.