Енді көлікті қайта жабдықтау құжаттарын тек онлайн алуға болады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
водитель
Көлік құралын қайта жабдықтау туралы куәлік цифрлық форматқа көшеді / Фото: shutterstock

Енді жүргізушілерге көліктеріне жасалған өзгерістерді заңдастыру жеңілдей түспек. Ішкі істер министрлігі көлік құралын қайта жабдықтау туралы куәлікті цифрлық форматқа ауыстыруды ұсынып отыр.

Тиісті бұйрық жобасы қазірдің өзінде «Ашық НҚА» порталында жарияланды және 2025 жылғы 13 қазанға дейін қоғам талқылауында болады.

Қағаз құжаттармен әуре болмайсыз

Қазіргі таңда көліктің құрылымына өзгеріс енгізу үшін жаңа бөлшектер орнатудан бастап, кузовты қайта жасауға дейін арнайы ХҚКО-ға барып, біршама құжат жинап, оны бірнеше күн күту қажет. Енді бұл процестер онлайн жасауға болады.

Егер жоба мақұлданса, өтінішті онлайн түрде беруге болады, ал жүргізілген жұмыстар мен сарапшылардың қорытындыларына қатысты барлық қажетті деректер жүйеге автоматты түрде енгізіледі. Осылайша жүргізушілер қағаз құжат тасып, ХҚКО, зертханалар мен техникалық қызмет көрсету станциялары арасында сабылмайды.

Рұқсатсыз өзгерістер үшін қандай жауапкершілік көзделген

Ең қарапайым мысал – әйнектерді қараңғылау. Артқы әйнектерді келісімсіз-ақ қараңғылауға болады, ал алдыңғы және бүйірлік әйнектерді қараңғылауға қатаң тыйым салынған. Мұндай заңбұзушылық үшін 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Ал қосымша бөлшектер орнату, құрылымдық бөліктерді ауыстыру, шанақты өзгерту сияқты күрделі өзгерістер міндетті түрде тіркеуді және тексеруді талап етеді. Бұл талаптар орындалмаса, айыппұл көлемі 15 АЕК-ке (58 980 теңге) дейін өседі және көлік қауіпсіздік талаптарына сай емес деп танылуы мүмкін.

Цифрландыру енгізілгенге дейін жүргізуші көлігімен бірге арнайы ХҚКО-ға барып, полицияның өзгерістерге рұқсаты, орнатылған бөлшектердің сертификаттары, қауіпсіздік тексеру хаттамасы және техникалық байқаудан кейінгі диагностикалық картаны ұсынуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз