
Сүт безі обырына қарсы алғашқы скринингтен өтпеген әйелдердің бұл дерттен көз жұму қаупі 40%-ға артатыны анықталды. Мұндай қорытындыны Швециядағы Каролин институтының ғалымдары мәлімдеп отыр. Зерттеу нәтижесі British Medical Journal (BMJ) журналында жарияланды.
Ғалымдар 1991 жылдан 2020 жылға дейін Швецияда алғаш рет маммографиядан өтуге шақырту алған жарты миллионға жуық әйелдің деректерін талдаған. Зерттеу қатысушылары 25 жыл бойы бақылауда болған. Нәтижесінде әйелдердің 32%-ы алғашқы маммографияға келмегені анықталды. Осы топтағы әйелдер кейінгі тексерулерге де сирек қатысқан. Соның салдарынан оларда сүт безі қатерлі ісігі көбінесе аурудың асқынған сатысында анықталып, емдеу мүмкіндігі төмен болған.
25 жылдық бақылау нәтижесінде алғашқы тексеруден өтпеген әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен өлім-жітім деңгейі әр мың әйелге шаққанда 9,9 жағдайды құрады. Ал скринингтен өткен әйелдер арасында бұл көрсеткіш төменірек болды, әр мың әйелге 7 өлім жағдайы. Сонымен қатар, екі топтағы жалпы сырқаттану деңгейі шамалас болған. Бұл, ғалымдардың пікірінше, ауруға шалдығу қаупінен гөрі ерте диагностика әлдеқайда маңызды екенін көрсетеді.
Зерттеу авторлары алғашқы маммографияның жағымсыз салдардың алдын алуда шешуші кезең бола алатынын атап өтті.
«Егер алғашқы скрининг нәтижелері он жылдан кейінгі диагноз бен өлім қаупін болжауға мүмкіндік берсе, бұл ауыр зардаптар туындамай тұрып, қауіп тобына жататындарды анықтауға үлкен мүмкіндік», — дейді зерттеушілер.
Айта кетейік елімізде бір жылда 41 318 адамнан қатерлі ісік анықталды. Бірінші орында сүт безі обыры тұр. Жалпы науқастардың 13,7%-ы сүт безі обырына шалдыққан. Бұл – 5 652 адам.