Цифрлық судья, адвокат және прокурорлар дайындау қажет – депутат

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Депутат: Цифрлық судьялар, адвокаттар және прокурорлар керек / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева цифрлық құқыққа жаңа көзқарас қажет екенін айтты. Оның айтуынша, елге цифрлық судьялар, адвокаттар және прокурорлар дайындау керек.

Заңдарды енді алгоритмдер де түсінуі тиіс

«Цифрлық заңдар техникалық ұсақ-түйекке толы, ал жаңа ұғымдарды гуманитарлық тұрғыдан ұғыну қиын. Мұндай заңдарды іске асыру үшін бізге цифрлық судьялар, адвокаттар, прокурорлар, заң кеңесшілері қажет. Әйтпесе қателіктер болары сөзсіз», – деді Смышляева жасанды интеллектті (ЖИ) дамытуға арналған парламенттік тыңдау барысында.

Депутат болашақта заңдарды тек заңгерлер емес, алгоритмдер де түсінуі қажет екенін атап өтті.

«Бүгін заңдарды заңгерлер оқиды, ертең оларды алгоритмдер де түсінуі тиіс. Сондықтан біз қазірден бастап нормативтік-құқықтық актілердің машина оқитын нұсқалары туралы ойлануымыз керек», – деді ол.

Смышляева ЖИ дәуірінде цифрлық құқық сараптама мен бақылауды қажет ететінін айтты.

«Алгоритмдердің бейтараптығы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі тұрғысынан тексеру бүгінде өзекті», – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанға халықаралық тәжірибе мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, техникалық стандарттарды жаңарту және енгізу қажет.

Депутат ЖИ енгізу деңгейін бағалайтын ұлттық индекстерді әзірлеу қажеттігін де атап өтті. Себебі халықаралық рейтингтер ішкі шешімдер үшін нақты көріністі әрдайым бере бермейді.

Айта кетейік ЖИ дамытуға арналған парламенттік тыңдау барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтардың 37%-ы білім беру саласында жасанды интеллектті қолдануды құп көрмегенін айты.

Сондай-ақ оқыңыз