
Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 37%-ы білім беру саласында жасанды интеллектті (ЖИ) қолдануды құп көрмеген. Өйткені бұл технология шынайы білімнің орнын алмастырады деген қауіп бар. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты.
ЖИ туралы халық пікірі
«Қазіргі таңда, әсіресе мектептегі білім беру саласында жасанды интеллектті қолдану кеңінен талқыланып жатыр. Қоғам бұл мәселеде екіге жарылды — біреулер қолдаса, енді біреулер қарсы», — деді Қошанов ЖИ дамуына арналған парламенттік тыңдау барысында.
Сауалнама нәтижесіне сай, респонденттердің 40,5%-ы жасанды интеллекттің әсерін оң бағаласа, 37%-ы керісінше қарсы болған. Көпшілік технологиялар оқытуды тым жеңілдетіп, білім меңгеру сапалы болмайды деп есептейді.
ChatGPT пікірі де халық көзқарасымен ұқсас
Қошановтың айтуынша, депутаттар бұл мәселеге қатысты ChatGPT-ге де сұраныс жіберіп көрген. ЖИ жаңашылдықтарды «50 де 50» деп бағалап, артықшылықтары мен қауіп-қатерлерін қатар атаған.
«Бұл жағдай жаңа технологияларды пайдалануда ақылға қонымды шектеулер мен еркіндік арасындағы дұрыс тепе-теңдікті табудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр», — деп түйіндеді Мәжіліс төрағасы.
Осыған дейін мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева заң жобаларын әзірлеу барысында жасанды интеллекті (ЖИ) қалай пайдаланатынын айтты. Оның сөзінше, ЖИ мәтін жазуға емес, талдау жасауға ыңғайлы құралға айналған.