Қазығұртта тұрғындар үйіндінің астында қаламыз ба деп уайымдайды

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналар мен мүгедектерге берілген үйдің қабырғасы қайта жарылды. Ұйқы мен күлкіден қалған тұрғындар үйіндінің астында қаламыз ба деп уайымдайды. Kursiv Media тілшісі ауданға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Қазығұрт ауданының тұрғыны Айгүл Ергешбаеваға жергілікті әкімдік әлеуметтік жағдайы төмен жалғызбасты ана ретінде 2 бөлмелі пәтер берген. Оның бұдан бөлек баспанасы жоқ. Бүгінде осы пәтердің ішіне кірудің өзі қорқынышқа айналған. Әр бөлменің қабырғалары сөгіліп, күннен күнге кеңейіп барады. Тіпті едені түсіп, ішкі бөлмелердің есігі жабылмай қалған.

«Үкіметтің аударған ақшасына неге халыққа жөндеп үй соғып бермейді? Соңғы рет бір жарым ай бұрын облыс әкіміне барып, шағымдандым.Содан бері ешкім келген жоқ. Осы үйге кіргенде қабырғаға сызықтай сызат түскен еді. Қазір жарылып, бір бөлмеге екінші бөлмеден жарық түсетін болды. Күнде, әсіресе түнде қабырғалардың жарылған дауысын естиміз. Шынын айтсам, құлап кете ме деп алаңдаймын», – дейді Айгүл Ергешбаева.
Ергешбаева пәтер апатқа ұшыраса жауабын кім береді деп алаңдайды.
«Аудан әкімдігі жарылған жерге пена құямыз дейді. Ол жарықты ұстай ма? Ертеңгі күні қабырға құлап, немерелерімді басып қалса не болады? Кім жауап береді менің өміріме? Бір мен ғана емес, осы жерге салынған 30 пәтері бар үш үйдің де қабырғасы жарылып кетті», – деп ашынады ол.

Мемлекеттік қызметкерлерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналар мен мүгедектерге берілген үйден шу шыққанына 2 жылға жуықтаған. Тұрғындар пәтерге кіргеніне ай толмай қабырғасы жарылып, едені шөгіп кеткен. Сөйтіп баспаналы болдық деген қуанышы су сепкендей басылған. Содан бері ұйқы мен күлкіден айырылған олардың бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Ашынған тұрғындар үйдің төбесі ортасына түсіп, үйіндігің астында қаламыз ба деп уайымдайды.
«Қайтадан жөндеп берген үйлері мынау. Қабырғасы қайта жарыла бастады. Қанша шырылдадық. Айналайын, менің үш балам бар. Күйеуім – мүгедек», – дейді аудан тұрғыны Зарипа Пірназарова.
Тұрғындардың жанайқайымен облыс және аудан әкімдігі, тіпті прокуратура да таныс. Аудандық құрылыс және сәулет бөлімі үш үйге де сызат түскенін растайды. Бөлім басшысы 2019 жылы бірінші үй, 2022 жылы екі үй пайдалануға берілгенін айтады. Бұған бюджеттен 187 миллион теңге жұмсалған. Алайда үш үйге де сызат түсіп, екеуіне сараптама тағайындалған. Біріне күрделі жөндеу жүргізілген. Екіншісі жөнделіп жатыр. Ал үшінші үйдің мәселесі биыл шыққан. Оған тіпті сараптама да тағайындалмаған.
Сараптама үй астындағы топырақ дұрыс тапталмаған, нығыздалмаған, су өткен деп қорытынды берді. Кәріз суы өтіп, топырақ содан отырған деді. Содан күрделі жөндеу жүргіздік. Септиктің орнын алмастырдық. Жаңадан кәріз жүйесін жүргіздік. Сыртына құрсау қойдық. Қазір енді бақылаудамыз, – дейді бөлім басшысы Ермек Момбеков.
Тұрғындар қабырғасы сөгіліп, едені түсіп бара жатқан пәтердің орнына жаңасын беруді талап етеді. Бірақ жергілікті билік бұл талап тек тұрғын үй жарамсыз деп танылғанда ғана берілетінін айтады. Ал мұндай қорытынды шыққанша өміріне қауіпті болса да тұрғындар осы пәтерде қалуға мәжбүр.