
1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін Қазақстанда жыл сайынғы емханаға тіркелу науқаны өтеді. Осы кезеңде әрбір азамат өзіне ыңғайлы медициналық ұйымды таңдап немесе ауыстырып, отбасылық дәрігерге тіркеле алады. Бұл шара неге маңызды, емхананы қалай дұрыс таңдау керек және мемлекеттік пен жекеменшік ұйымдарда тегін қандай қызметтер алуға болатынын Asmed емханалар желісінің медициналық директоры, ревматолог Гүлнар Серікалиева Есіркепова айтып берді.
Неліктен поликлиникаға тіркелу науқанына қатысу маңызды?
Бұл кезеңде медициналық ұйымдар өз мүмкіндіктерін таныстырып, ал тұрғындар әр емхананың артықшылықтарын салыстырып, өзіне қолайлысын таңдай алады. Жыл бойы адамдар мұндай ақпаратқа сирек қол жеткізеді: қай жекеменшік клиникалар МӘМС бойынша қызмет көрсетеді, қай жерде қандай жағдай жасалған, дәрігерлер құрамы мен жабдықталуы қандай екенін көпшілік біле бермейді.
Әсіресе мегаполис тұрғындары үшін бұл өзекті. Себебі күнделікті қарбалас тірліктен өзіне ыңғайлы емхананы іздеуге уақыт тапшы.

Сирек ауыратындарға да тіркелу не үшін қажет?
Ешкім ертеңгі күннің қандай боларын болжай алмайды, кез келген адам аяқасты ауырып қалуы мүмкін. Осындай жағдайда қай жерге жүгіну керегін нақты білу өте маңызды. Бұл ауыр сырқаттарда да, жеңіл ауруларда да қажет: мысалы, жай ғана тұмаудың өзі асқынып кетуі ықтимал.
Емханаға тіркелген тұрғын eGov порталындағы жеке кабинетінде қай учаскеге бекітілгенін, өз дәрігерінің аты-жөнін көре алады. Бұдан бөлек, тіркелген азамат профилактикалық тексеруден өтуге мүмкіндік алады. Бұл – денсаулықты сақтап қалуда аса маңызды қадам.
Емхананы қалай таңдау керек?
Емхана таңдарда бірнеше негізгі факторға назар аудару қажет:
- Үйге жақын орналасуы, яғни жолға ыңғайлылығы;
- Жағдайы мен жабдықталуы;
- Дәрігерлер құрамы, оның ішінде салалық мамандардың бар-жоғы;
- Қызметкерлердің қарым-қатынасы, науқастарға қаншалықты ілтипатты екені.
Тіркелу науқаны кезінде емханаға барып, қызметкерлерден тікелей сұрақ қоюға немесе жағдайды өз көзіңізбен көруге болады.
Емханаға тіркелу жолдары
Медициналық мекемеге тіркелудің екі тәсілі бар:
Онлайн. Бұл – көпшілікке қолайлы жол. Таңдаған поликлиникаға eGov порталы арқылы өтінім жіберіледі. Өтінім бір күн ішінде қабылданады. Егер азамат тіркеуді науқан кезінде жасаса, жаңа поликлиникада ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет ала бастайды.
Оффлайн. Бұл жолды тек кейбір санатқа жататын азаматтар пайдалана алады: зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, әскери қызметшілер, балаларды тіркегісі келетін ата-аналар немесе қамқоршылар. Өтінішке тиісті құжаттарды қоса беру қажет (зейнеткер куәлігі, мүгедектік анықтамасы, баланың туу туралы куәлігі, әскери қызмет туралы бұйрық және т.б.). Бұл санаттағы адамдар онлайн да тіркеле алады, бірақ оларға ыңғайлы болсын деп қосымша мүмкіндік берілген.
Емхана қалай қаржыландырылады
Қазақстанда еңбекке жарамды азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) ай сайын жарна аударады: жұмыс істейтіндер, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Сонымен бірге 15 әлеуметтік осал санатқа кіретін азамат үшін жарнаны мемлекет төлейді.
Бұл қаражат тікелей поликлиникаларға түспейді, бәрі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жинақталып, кейін медициналық ұйымдарға көрсеткен қызметі үшін төленеді. Әр қызметтің нақты тарифі бар, ал дәрігерлердің тағайындағы емі клиникалық хаттамаларға сай қатаң реттелген. Мысалы, науқас ЖРВИ немесе гипертониямен жүгінсе, қандай талдауы мен тексеруден өтуі тиіс екені алдын ала белгіленген.
Егер адамның сақтандыруы болмаса, ол тек кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ККТМК) аясында ғана қызмет ала алады. Тегін мендициналық көмек шеңберінде өмірге қауіп төнген жағдайда жедел көмек азаматтығына қарамастан көрсетіледі.
Неліктен МӘСМ жарналары қайтарылмайды?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру — жинақтау жүйесі емес. Жарналар ай сайын түсіп, сол сәтте емделіп жүргендерге жұмсалады. Бір адам жылына орта есеппен 51–100 мың теңге төлейді, ал онкологиялық ем немесе күрделі операция құны миллиондаған теңгеге жетуі мүмкін.
Егер әркім тек өзі төлеген сомасына тең қызмет алатын болса, көптеген азамат күрделі емді көтере алмас еді. Сондықтан жарналар басқа науқастарға жұмсалады, ал ертең біреуге қымбат ем қажет болса, оған да қор есебінен көмек көрсетіледі.
Емханадан қандай қызметтер алуға болады?
Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың бәрінде ОСМС бойынша бірдей көлемде қызмет көрсетіледі:
- дәрігердің қабылдауы, диспансерлік бақылау;
- жоспарлы госпитализацияға дайындау және кейінгі бақылау;
- реабилитацияға, санаторийге жолдама;
- күндізгі стационар;
- медициналық анықтамалар, еңбекке жарамсыздық парағы.
Әдетте бірінші қабылдауды жалпы тәжірибелік дәрігер (ВОП) жасайды, ол қажетті зерттеулерді тағайындап, қажет жағдайда салалық мамандарға (кардиолог, невропатолог, хирург және т.б.) жолдама береді.
Алдын алу мен скрининг
Балалар жыл сайы педиатрдың тексерсінен өтіп, жасына сәйкес анализ тапсырып, мамандардың кеңесін ала алады.
Ересектер 40–76 жас аралығында әр екі жыл сайын скринингтен өтеді. Міндетті профилактикалық тексеру бағдарламасы ең көп таралған аурулардың алдын алуға бағытталған. Олардың қатарында жүрек-қантамыр сырқаттары, қант диабеті және үш түрлі қатерлі ісік бар: сүт безі, тік ішек пен жатыр мойны обыры. Бұл дерттер өмірге қауіп төндіреді. Ал ерте кезеңде анықталса, оларды емдеп, бақылауға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға болады.
Мысалы, кейде адамда ешқандай белгі бермейтін гипертония анықталады. Ол өз кезегінде инфаркт пен инсульт қаупін күшейтеді, ал мұндай жағдайлар көбіне мүгедектікке немесе өлімге әкеледі. Сондықтан скринингтен бас тартпау қажет. Егер тексеру кезінде талдау не зерттеу нәтижелерінде ауытқулар байқалса, қосымша тексерулер мен бақылау міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізіледі.
Поликлиникаларда түрлі медициналық анықтамалар беріледі, соның ішінде балалар бақшасы мен мектепке қажет құжаттар, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық қағаздары, яғни, еңбек демалысына шығу туралы парақтар рәсімделеді.
Дәрігерге алдын ала жазылу міндетті ме?
Иә, егер қабылдау жоспарлы болса, себебі дәрігердің уақыты басқа науқастарға бөлінуі мүмкін. Ал шұғыл жағдайларда алдын ала жазылу талап етілмейді. Мұндай кезде тіркеу бөлімінің қызметкерлері триаж қағидаты бойынша науқастарды сұрыптайды, яғни көмек ең алдымен шұғыл қажет адамдарға көрсетіледі.
Мәселен, дене қызуы көтерілгендер, құсып тұрғандар, қан қысымы күрт жоғарлағандар немесе ауруы асқынғандар, түнде жедел жәрдем шақырып, күндіз поликлиникаға келгендер бірден қабылданады. Оларды емдеуші дәрігер немесе тәулік бойы жұмыс істейтін кезекші дәрігер қарайды. Сондай-ақ жедел көмек қажет жағдайларға арналған арнайы кабинет те бар.
Неліктен салалық дәрігерлерге жолдаманы жалпы тәжірибе дәрігері береді?
Өйткені науқастардың бәрі бірдей қай дәрігерге бару керегін нақты білмейді. Мысалы, белі ауырған адам көбіне неврологқа барғысы келеді, бірақ себептері әртүрлі болуы мүмкін және ол жағдайда неврологтың көмегі қажет бола бермейді. Ал жалпы практика дәрігері науқасты қарап, тиісті тексерулерге жібереді. Бұл артық уақыт жоғалтпауға көмектеседі. Егер шынымен тар маманның көмегі қажет болса, ол жолдама береді.
Сонымен қатар, егер науқастар тікелей мамандарға жазыла берсе, ол дәрігерлердің жұмысын шамадан тыс жүктеп, кезек ұзартады. Ал нақты диагнозы бар, есепте тұрған адамдар мамандарға өздері жазыла алады. Мысалы, қант диабетімен ауыратындар эндокринологқа тікелей барады, ал алғаш рет тексерілетіндер алдымен терапевтке жүгінуі тиіс.
Үйге дәрігер шақыруға бола ма?
Иә, таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін тіркеу бөліміне хабарласуға болады. Мысалы, кейбір емханаларда ересектер мен балаларға арналған екі мобильді бригада жұмыс істейді.
Егер науқастың өзі келе алмаса дәрігерді үйге шақыруға болады. Мәселен қызуы көтеріліп, құсып, жалпы жағдайы күрт нашарлап және жүріп-тұруға кедергі келтіретін басқа да белгілер болса, дәрігер үйге барады.
Емханаға тіркелудің ұзақ мерзімді пайдасы қандай? Бұл денсаулыққа инвестиция санала ма?
Әрине. Емханаған тіркелу – науқастың қайда және кімге жүгінетінін нақты білуінің кепілі. Бұл кенеттен сырқаттанғанда қайда барарын білмей абдырап қалмауға көмектеседі.
Әр науқастың өзінің емханасын, емдеуші дәрігерін біліп, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуі маңызды. Бұл – денсаулыққа жасалған инвестиция. Яғни, өмір сапасын нашарлатпай, дер кезінде тексеріліп, ауруларды ерте анықтап, емдеу.