Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады.
Президенттің айтуынша, бұл мереке еліміз үшін ерекше мәнге ие, өйткені еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологияның басты құндылықтарының бірі.
Тоқаев биылғы Жұмысшы мамандықтары жылында еліміздің өркендеуіне адал еңбегімен үлес қосып жүрген түрлі кәсіп иелеріне және барша еңбеккерлерге құрмет білдірді.
«Қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, кәсіби шеберлігін үнемі шыңдайтын, өндірісте жоғары жетістіктерге қол жеткізуді мақсат ететін және әр істе алғырлық пен жаңашылдық танытатын отандастарымызға ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.
Ол қоғамда адал еңбекті дәріптеу және жас ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелеу арқылы Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның берік іргетасы қаланатынын атап өтті.
«Жауапкершілігі жоғары, отаншыл азаматтарымыздың арқасында дамыған әрі өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді.