Жаңалықтар

Трамп Портленд қаласына әскер енгізуді тапсырғанымен қала билігі қарсы шықты

Фото: shutterstock.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Портленд қаласына (Орегон штаты) әскери күш кіргізу туралы бұйрық берді. Әскерилердің негізгі міндеті – қөші-қон және кедендік бақылау қызметінің (ICE) нысандарын қорғау.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Трамп қажет болған жағдайда әскери бөлімшелерге «толық күш қолдануға» рұқсат берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шаралар федералды мекемелерді «антифа қозғалысы мен өзге де ішкі террористердің шабуылынан қорғау үшін» қажет.

Алайда Орегон билігі мұндай шешімге қарсы шықты. Портленд мэрі Кит Уилсон қалаға қажет әскер жоқ екені айтты.

«Президент бұл жерден заңсыздық та, зорлық-зомбылық та таппайды. Егер бірдеңе болса, ол тек өзі ұйымдастырған жағдайда ғана болады», – деді ол.

Штат губернаторы Тина Котек те әскер кіргізуді қолдамады.

«Біздің қаламызда бүлік те, ұлттық қауіпсіздікке қатер де жоқ. Сондықтан мұнда әскери күштің еш қажеттілігі жоқ», – деп мәлімдеді ол.

Котектің айтуынша, бұл мәселе жөнінде ол Трамппен және АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэммен жеке сөйлескен.

Шиеленіс елдегі қатаң көші-қон саясатына қарсы наразылықтар аясында күшейді. ICE орталықтарының маңында өткен соңғы акцияларда көзден жас ағызатын газ бен арнайы құралдар қолданылған.

Сонымен қатар, полиция дерегіне сүйенсек, Портлендтегі қылмыс деңгейі 2025 жылы төмендеген: кісі өлтіру фактілері өткен жылмен салыстырғанда 51%-ға азайған.

Дегенмен Трамп «қалаға кәсіби арандатушылар мен анархистер қауіп төндіріп отыр» деп санайды.