
Италия президенті опера әншісі Әйгерім Алтынбекті құттықтады. Бұл туралы Борт №1 Telegram арнасы хабарлады.
«Президент Серджо Маттарелла опера әншісі Әйгерім Алтынбектің өнеріне жоғары баға беріп, оны биыл Италияда өткен ХІ халықаралық CLIP 2025 опера байқауында жеңімпаз атануымен құттықтады», – делінген ақпаратта.
Бұған дейін қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемнің ең беделді театрларының бірі – Италиядағы «Ла Скала» академиясына қабылданып, Андреа Бочеллимен дуэт айтатыны хабарланды.
Әйгерім Алтынбек – халықаралық вокалдық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері. Соның ішінде әйгілі композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына арналған байқауда жеңімпаз атанып, Италияның Модена қаласында өткен Николай Гяуров атындағы жарыста үшінші орын иеленді. Сонымен қатар, әлемнің 470 өнерпазы бақ сынаған Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсында екінші орын алған. Әйгерімге атақты италиялық сопрано Мирелла Френидің арнайы сыйлығы да бұйырған.