«Қайрат» – «Реал» матчы бюджетке қанша пайда әкеледі

Алдын ала есеп бойынша «Қайрат – Реал Мадрид» ойынына 4 мыңнан аса турист келеді. Бұл туралы Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев орталық коммуницкациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Маманның сөзінше, Алматы қаласы туристерді қабылдауға дайын.
«Квота бойынша бізге 4 мыңнан астам шетелдік турист келеді. Матч өткеннен кейін қанша шетел азаматының қай елден келгенін нақты айта аламыз. Стадион бойынша билет толық сатылған. Алматы инфрақұрылымы, қонақүйлері туристерді қабылдауға дайын», – деді Кәріпбаев.
Айтуынша, алдын ала болжам бойынша шетелдік туристерден бюджетке 2-3 млрд теңге қаражат түседі.
Испанияның атақты «Реал Мадрид» футбол клубы Алматыға 28 қыркүйекте келді. Команда УЕФА Чемпиондар Лигасы аясында «Қайратқа» қарсы матч өткізеді.
Ал «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны 30 қыркүйекте сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.