Бір ай бұрын ақталып шыққан АМӨЗ бұрынғы басшысы Мұрат Досмұратов қайтыс болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Мұрат Досмұратов қайтыс болды/фото: kmg.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Мұрат Досмұратов қайтыс болды. Қаралы хабарды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы баспасөз қызметі жеткізді.

Белгілі мұнайшы Мұрат Досмұратов еңбек жолын «Петро Қазақстан Ойл Продакс» компаниясында технологиялық қондырғылардың операторы болып бастап, зертхана меңгерушісі, аға инженер, өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы, бас технолог қызметтерін атқарған.

Ол көп жыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылымында, соның ішінде «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc», «KLPE», Атырау мұнай өңдеу зауытында және «ҚМГ Инжиниринг» компаниясында жауапты басшылық қызметтер атқарды.

Досмұратовқа қатысты сот

Мұрат Досмұратов 2024 жылы Атырау қаласы сотының үкімі негізінде Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық кодекстің 71-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылды.

Сот үкімі бойынша Досмұратовтан мемлекет пайдасына 1 971 424 000 теңге мөлшерінде мүліктік залал өндірілетін болды.

Алайда 2025 жылы Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен алғашқы сот үкімі өзгертілді. Мұрат Досмұратовқа Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша 6 900 000 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Сот үкіміне Бас прокурор қарсы болған. Бас прокурор сот актілерін жоюды және Досмұратовқа қатысты қылмыстық істі тоқтатуды, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.

2025 жылдың тамызында Досмұратов кінәсіз деп танылды.

16 қыркүйекте Мұрат Досмұратов «ҚМГ Инжиниринг» компаниясында мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі басқарушы директор болып тағайындалды. Ол бұл қызметте екі апта жұмыс істеді.

Сондай-ақ оқыңыз