
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч барысында 5 жедел жәрдем бригадасы тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл туралы Алматының қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады.
Стадион аумағындағы жедел жәрдем бригадасы кез келген жағдайға жедел іс-әрекетке дайын тұрады.
«Медициналық құрам жоғары білікті мамандардан жасақталған. Бригадалар трибуна маңында және кіреберіс жақта орналасып, ұйымдастырушылармен және қауіпсіздік қызметімен тұрақты байланыста болады», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ қала әкімдігі орталық стадион мадридтік команданы қабылдауға дайын екенін хабарлады. Алаң халықаралық стандарттарға сай, жарық беру жүйесі мен инфрақұрылым тексерілген.Төрешілер мен ойыншыларға барлық жағдай жасалған, киім ауыстыратын бөлмелер жабдықталып, спортшылардың жайлылығы үшін қажетті нәрселермен қамтамасыз етілген.
Көрермендерге ыңғайлы болу үшін 1,5 мыңнан астам орындық ауыстырылды, қосымша 60 биодәретхана орнатылды.