Кредит пен микрозаймды төлей алмаған жағдайда не істеу керек

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Банк алдындағы берешекті төлей алмаған жағдайда не істеу керек
Кредит пен микрозаймды төлей алмаған жағдайда не істеу керек / Фото: shutterstock

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша іс-қимыл тетігі белгіленгенін еске салып, оларды қолдану тәртібін түсіндірді.

Қарыз талаптарын өзгерту

Қарыз алушы қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда өз кредиторына (банк, МҚҰ немесе коллекторлық агенттік) міндеттемелерді орындау талаптарын өзгерту туралы жазбаша өтінішпен жүгіне алады.

Өтінішке қаржылық жағдайдың нашарлағанын немесе мерзімді кешіктірудің себептерін растайтын төмендегі құжаттардың бірін қоса беру қажет:

  • жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама,
  • жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы, жалақы сақталмайтын демалыс беру туралы актісі;
  • жақын туыстарының, қарыз алушының жұбайының (зайыбының) ауруын растайтын еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама;
  • қарыз алушының жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) қайтыс болғаны туралы куәлік/анықтама;
  • қарыз алушыға жазатайым оқиға, үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері нәтижесінде материалдық залал келтірілгенін растайтын құжаттар;
  • мүгедектік туралы анықтама;
  • сот актілері және қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлау фактісін растайтын құжаттар.

Қажетті құжаттардың толық тізбесі Агенттіктің сайтында.

Өтінішті кредитордың мекенжайы бойынша жеке, сондай-ақ егер шартта көзделген болса, мобильді қосымша немесе электрондық пошта арқылы беруге болады. Кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде өтінімді қарап, шешім қабылдайды.    

Кредитордың шешімі қанағаттандырмаса…

Егер кредитор қабылдаған шешім қарыз алушының ойынан шықпаса, онда банк не микроқаржы омбудсманына жүгінуге болады.

Банктердегі қарыздар бойынша өтінім  bank-ombudsman.kz сайты арқылы қабылданады.

Өтінімге:
• шарт пен төлемдер кестесін;
• банкке немесе коллекторлық агенттікке жүгінудің дәлелі мен олардың жауабын;
• қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттарды қоса беру қажет.

МҚҰ қарыздары бойынша өтінім mfombudsman.kz сайты арқылы қабылданады.

Оған: 
• өтінішті және сауалнаманы;
• микроқарыз шартын және өтеу кестесін;
• МҚҰ-ға жүгіну дәлелін және олардың жауабын;
• қаржылық жағдайының нашарлағанын растау құжаттарын қоса беру қажет.

Омбудсмандардың қызметі тегін. Агеттік олардың шешімі орындалуға міндетті екенін айтады.

Жеке тұлғалардың банкроттығы

Қарыз алушының берешекті өтеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда банкроттық рәсімді қолдануға болады.

Ол үшін қойылатын талаптар:

  • борыш сомасы 1600 АЕК-тан асқан;
  • оны өтеу үшін кіріс жеткіліксіз болған;
  • өткізуге болатын мүлік болмаған (бірлескен мүліктегі үлесті қоса алғанда);
  • қатарынан 12 ай қарыз бойынша төлемдер жүргізілмеген;
  • қарыз алушы дара кәсіпкер болып табылмаған; 
  • соңғы жыл ішінде банкроттық рәсімін өтпеген;
  • соңғы жыл ішінде борышты қайта құрылымдамаған жағдайда берешек шегерілуі мүмкін.    

Рәсім тегін, оны eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО арқылы жасауға болады.

Банкроттық рәсімінің салдарды: 

  • қарыз алушы 5 жыл бойы жаңа кредит мен қарыз ала алмайды;
  • қарыз алушы рәсім аяқталғаннан кейін 3 жыл ішінде қаржылық басқарумен байланысты мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарда жұмыс істеуге құқылы болмайды;
  • банкроттық туралы мәліметтер мемлекеттік тізілімдерде бекітіледі және одан әрі қаржылық беделге әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін, қазақстандықтардың банкроттыққа берген өтінішінің 75%-ы мақұлданбағанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз