Lufthansa 4 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр

Жарияланды
Lufthansa 4 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр
Lufthansa 4 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр / фото: shutterstock

Германияның ең ірі әуе компаниясы Lufthansa 2030 жылға дейін әкімшілік аппараттағы шамамен 4000 жұмыс орнын қысқартатынын жариялады. Үнемдеу цифрландыру, автоматтандыру және үдерістерді тиімдірек ету есебінен жүзеге аспақ, деп жазады Euronews.

Lufthansa біраз уақыттан бері пайда азайып, шығындардың көбейіп жатқанымен күресіп келеді. Компания ішіндегі дереккөздер алдағы жылдары Lufthansa әкімшілік аппаратының шамамен 20 пайызын қысқартатынын хабарлаған.

Дүйсенбі күні Мюнхенде өтетін инвесторларға арналған іс-шарада компания шығындарды қысқарту жоспарын таныстырады деп күтіліп отыр.

Француздың AirFrance-KLM немесе британдық British Airways компанияларына қарағанда, Lufthansa соңғы жылдары позициясын қалпына келтіруде қиналып келеді. Компания көрсеткіштері әлі де 2019 жылғы, яғни коронавирус пандемиясына дейінгі деңгейден төмен.

Бір жылдан сәл астам уақыт бұрын Lufthansa шығындарды азайтып, табысты арттыруға бағытталған қайта құрылымдау бағдарламасын іске асырған. Алайда күткен нәтиже әлі байқалған жоқ.

Германияда Lufthansa компаниясында 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді; оның шамамен 15 мыңға жуығы әкімшілік салада еңбек етеді.

Бұған дейін, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 2026 жылға арналған ұйым бюджетін биылғы жылмен салыстырғанда 15% қысқартуды ұсынған.

Сондай-ақ оқыңыз