Жаңалықтар

25 жылда қазақстандықтардың депозиттегі ақшасы 460 есе өскен

Халықтың депозиті 26 трлн теңгеге жетті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылған 25 жыл ішінде халықтың жинағы қарқынды өсті. Егер 1999 жылы жеке тұлғалардың депозиттері небәрі 53 миллиард теңге болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 24 триллион теңгеге жетіп, 460 есе артты. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне қарай көлемі одан әрі өсіп, 26 триллион теңгені құрады. Айта кетерлігі, депозиттердің долларлануы тарихи минимум – 22,7%-ға дейін түсті. Бұл туралы КДКБҚ хабарлайды.

Депозит нарығы қалай дамыды

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметінше, соңғы жылдары халық күрделірек әрі табыстылығы жоғары қаржы құралдарына көбірек қызығушылық танытып отыр. 2018 жылдан бастап жинақ салымдары мен мерзімді салымдар енгізіліп, оларға көтеріңкі сыйақы мөлшерлемелері бекітілді. 2024 жылы мерзімді салымдар 27,8%-ға, ал жинақ салымдар 67,5%-ға өсіп, нарықтың сапалы әртараптануына ықпал етті.

Кепілдік сомасы 200 мыңнан 20 миллион теңгеге дейін жетті

25 жыл ішінде депозиттер бойынша кепілдік көлемі 100 есе ұлғайды. 1999 жылы ол 200 мың теңгеден басталса, бүгінде теңгедегі жинақ салымдарға – 20 млн теңге, теңгедегі басқа салымдарға – 10 млн теңге, ал шетел валютасындағы салымдарға 5 млн теңге көлемінде кепілдік беріліп отыр. Бұл өзгерістер халықтың ұзақ мерзімді жинақтарға сенімін арттырып, банктердің тұрақты ресурс базасын қалыптастыруға жағдай жасады.

ҚДКБҚ негізгі міндеті – лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларына кепілдік өтемді төлеу. Егер бұрын бұл процесс бірнеше айға созылса, бүгінде төлемдер банктің лицензиясы қайтарылғаннан кейін 6–8 жұмыс күні ішінде басталады. Бұл халықаралық стандарттарға сай көрсеткіш.

Резертер қалай өсті

Қордың арнайы резерві де айтарлықтай артты: 1999 жылы 1 миллиард теңге болса, бүгінде 1,4 триллион теңгеге жетіп, 1 400 есе көбейді.

2007 жылдан бастап күшіне енген «Депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заң уақыт талабына сай жетілдіріліп келеді. Соңғы өзгерістердің бірі – талап етілмеген өтем сомаларын зейнетақы шоттарына аудару мүмкіндігі.