Алдағы үш жылда бюджет есебінен әкімшілік ғимарат салуға тыйым салынады

Үкімет алдағы үш жылда бюджеттен тыс қор құру, әлеуметтік бастамалар, мәдениет нысандары және жаңа әкімшілік ғимарат салуға қаражат бөлуге уақытша шектеу қойды. Бұл шешім мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыруды және экономикалық өсімге серпін беретін жобаларды басымдықпен қаржыландыруды көздейді.
Мораторий аясында республикалық және жергілікті бюджеттен:
- жаңа әлеуметтік бастамаларды іске асыру;
- жаңа бюджеттен тыс қор құру;
- мемлекеттік органдарға арналған жаңа ғимараттар салу мен сатып алу (тек 2022 жылдан кейін құрылған жаңа аудандардағы әкімдіктерден басқа);
- мәдениет нысандарын салуға қаражат қарастырылмайды.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары үнемделген қаржыны өз бетінше пайдалана алмайды. Тек орталық уәкілетті органдармен алдын ала келісілген жобаларға ғана рұқсат беріледі.
2026 жылғы республикалық бюджет шығыны 2 трлн теңгеге артып, 27,7 трлн теңгеге жетпек. Ал 2030 жылға қарай бюджет шығыстары 29,7 трлн теңгені құрауы мүмкін.
Келер жылдың республикалық бюджетінде еліміздегі 20 өңірдің тек Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы донор ретінде орталық бюджетке 880 млрд теңге аударуға тиіс болса, қалған 17 өңір, керісінше, субвенция өңір ретінде орталықтан 5,1 трлн теңге көмек алмақ.